Атырауда екі заңсыз тұрғын үй кешенінің құрылысы тоқтатылды

Атырау облысында үлескерлердің қаражатын заңсыз иемденді деген күдікпен екі бірдей құрылыс салушыға қатысты сотқа дейінгі тергеп-тексеру басталды.

Атырау қаласының прокуратурасы құрылыс салушылардың заңсыз қызметін тоқтатты. "Nazik group" ЖШС және "Андорра Констракшн" ЖШС құрылтайшылары тұрғын үйдің үлестік құрылысына 650 млн теңге салған 30-дан астам азаматтың қаражатын заңсыз иемденді деген күдікке ілінді. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі мәлім етті. Күдіктілердің заңсыз әрекеттерінің салдарынан үлескерлер 2 жыл бойы баспана ала алмаған. Серіктестіктердің құрылтайшылары сот санкциясымен қамауға алынды. 

"Әрбір азамат қырағы болуы тиіс және объективті хабардар болу үшін жергілікті атқарушы органдардың құрылыс бөліміне немесе басқармасына жүгіну қажет",- деп хабарлады облыс прокуратурасы.

Қазақстан Республикасының Қылмыстық-процестік кодексiнің 201-бабына сәйкес тергеу мүддесінде өзге ақпарат жария етуге жатпайды.