Атырауда екі қалалық емхананың құрылысы басталады

Атырау қаласында облыстың әлеуметтік-экономикалық даму бағдарламасы бойынша жоспарланған жоба негізінде екі емхананың құрылысы басталмақ, деп хабарлайды ATPress.kz.

Облыс орталығындағы «Өркен» және «Нұрсая» шағынаудандарында бір ауысымда 250 науқасты қабылдайтын қалалық емханалардың құрылысы жоспарланып отыр.  Құрылыстың жобалаушысы болып «Astana Project» ЖШС танылды.

Бұл ретте былтыр жобалау-сметалық құжаттарына  жергілікті бюджеттен 58 млн теңге бөлінген.  Шілде айының соңында жобалау-сметалық құжаттар жасақтаудың мерзімі аяқталады. Ал екі нысанның құрылысы биыл қазан айында басталады деп жоспарланып отыр. Қазіргі таңда жобалау-сметалық құжаттар медициналық сараптамадан өтіп жатыр.

Айта кетейік, «Өркен» және «Нұрсая» шағынаудандарында салынатын емханалардың әрайсысына  0,8 га жер телімі бөлінген. Жоспар бойынша құрылыс жұмыстары келесі жылы аяқталмақ.

 

Фото ашық дереккөздерден алынды.