Атырау облысында 107 келіге жуық қара балықты қолды етпек болғандар ұсталды, деп хабарлайды AtyrauPress Жайық-Каспий облысаралық бассейндік балық шаруашылығы инспекциясына сілтеме жасап.
Браконьерлік фактілердің жолын кесу мақсатында жүргізілген рейд кезінде «Урал» мотоцикліндегі 1986 және 1992 жылы туған екі азамат Құрманғазы ауданындағы Жарқос деген жерде Шарон өзенінің жағасында ұсталды. Мотоциклден көксерке, сазан, ақмарқа, табан, мөңке, қаракөз табылды - қапшықтарға салынған балықтың жалпы салмағы 107,5 келі болды. Балықпен бірге тыйым салынған аулау құралдары: алты дана тор, үш ілмек, сүймен және балта болды.
Оқиға орнында Құрманғазы аудандық полиция бөлімінің жедел-тергеу тобы жұмыс істеп, тәртіп бұзушылар ұсталған жерде процессуалдық іс-шаралар жүргізді.
Балық ресурстарына келтірілген шығын шамамен 663 мың 287 теңгені құрайды.
Браконьерлік дерегі ҚР Қылмыстық кодексінің 335-бабының 3-бөлігі, 4-тармағы бойынша сотқа дейінгі тергеп-тексерудің бірыңғай тізіліміне тіркелді. Құқық қорғау органдары сотқа дейінгі тергеу амалдарын жүргізуде.