Атыраудағы самса сататын дүңгіршекті кезіп жүрген егеуқұйрықтың бейнежазбасы желіге тарады деп хабарлайды ATPress.kz.
Бейнежазбада дүңгіршек ішінде су қайнатқыштың шүмегін жалап, қысқатолқынды пеш жанынан әр нәрсені иіскелеп жүрген кеміргіш жүр. Бұл Дина базарының кіре берісіндегі дүңгіршектердің бірі.
Бейнеролик желіде таратылғаннан кейін санитарлық-эпидемиологиялық бақылау мамандары дереу тексеріспен шықты.
- Біз келген кезде осы нысанда жөндеу жұмыстарын жүргізіп, екі жұмысшы жүрді. Бірақ, иесін таппадық. Кәсіп иесінің жеке басын анықтау үшін қалалық әкімдікке хат та дайындадық. Қазіргі уақытта бізге әкімшілік шаралар қабылдау үшін Атырау қалалық прокуратурасынан хат келіп түсті және мұны қолға алуға ниеттіміз, - дейді Атырау қалалық санитарлық-эпидемиологиялық бақылау басқармасы бастығының орынбасары Мұрат Хамзин.
Мамандардың айтуынша, мұндай факт қалада алғаш рет анықталуда. Сонымен қатар, мемлекеттік және жергілікті атқарушы органдар 2020 жылғы 1 қаңтардан бастап 2023 жылғы 1 қаңтарға дейін шағын кәсіпкерлік субъектілеріне, оның ішінде микрокәсіпкерлік субъектілеріне бару арқылы тексерулер, профилактикалық бақылау және қадағалау жүргізе алмайды.
- Дегенмен, біз бизнес өкілдері арасында профилактикалық және түсіндіру жұмыстарын жүргізетін боламыз. Бүгін, мысалы, мейрамханалар мен тамақтану орындарының иелерін жинадық, - дейді Мұрат Хамзин.
Ләззат САЛИМОВА