Атырауда ең өнегелі әже таңдалды

Атырауда өңірдің түкпір-түкпірінен келген ең құрметті, парасатты әрі дарынды әжелерді біріктірген «Өнегелі әже» атты облыстық байқау өтті, деп хабарлайды AtyrauPress тілшісі.

Шараны Атырау облысы әкімдігі жанындағы әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі комиссия, облыстық мәдениет және тілдерді дамыту басқармасы және халық шығармашылығы орталығы бірлесіп ұйымдастырды.

Байқаудың басты мақсаты – ең үздіктерді анықтау ғана емес, ұлттың рухани қазынасы мен салт-дәстүрін ұрпақтан ұрпаққа аманат етіп келе жатқан әжелердің баға жетпес рөлін қоғамға ұғындыру.

Әжелер сахнаның нағыз жұлдызына айналды: олар халық даналығымен бөлісіп, дәстүрлі қолөнер түрлерін көрсетті, ұлттық тағам дайындады, ән шырқап, көне ырым-тыйымдар мен салт-дәстүрлер жайында әңгімеледі. Мұның бәрі – өткеннің ғана емес, болашақ ұрпақ үшін де маңызды рухани бағыт.

Байқауға Атырау қаласы мен аудан-қалалардан 8 үміткер қатысты. Әрқайсысы екі кезеңнен өтіп, өздерінің шеберлігі мен дара болмысын көрсете білді.

Байқау жеңімпазы болып Исатай ауданынан келген Батима Рахметова танылды – оның шынайылығы, мейірімділігі мен таланты қазылар алқасы мен көрермендердің жүрегін жаулады.


Екінші орын – Құрманғазы ауданынан Зиба Баеваға, үшінші орын – Жылыой ауданынан Жаңылсын Аманжоловаға бұйырды.

Барлық қатысушыларға алғыс хаттар мен ақшалай сыйлықтар табысталды – бұл олардың ұлттық мәдениетті сақтауға және жас ұрпақты тәрбиелеуге қосқан үлесіне деген құрметтің белгісі.

Мадина Сериккызы