Бұл туралы облыстық Жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының басшысы Азамат Мәмбетовтің төрағалығымен өткен жиында «№1 арнаулы әлеуметтік қызметтер көрсету орталығы» коммуналдық мемлекеттік мекемесінің директоры Гүлнар Зинеденова мәлім етті, деп хабарлайды Өңірлік коммуникациялар қызметі.
«№1 арнаулы әлеуметтік қызметтер көрсету орталығы» коммуналдық мемлекеттік мекемесі биыл түйетауық өсіруді жоспарлап отыр. Махамбет ауданында орналасқан орталық алғаш 1942 жылы панасыз қалған мүгедектігі бар адамдар үшін 30 орындық болып ашылған. Қазір мұнда психоневрологиялық ауытқулары бар, 18 жастан асқан 309 адам ем алуда. Оның 152-сі ер, 157-сі әйел адам. Мекемедегі 33 қызмет алушы І топ мүгедегі болса, 276 қызмет алушы ІІ топ мүгедегі.
- Түйетауық өсіру жұмысы - орталықтағы қосалқы шаруашылықты кеңейтіп, психоневрологиялық ауытқулары бар азаматтарды еңбектен емдеу терапиясы үшін керек. Былтыр бұл әдісті тиімді қолдану бағытында облыстағы жомарт жандар орталықтағы үй жануарлары, яғни ешкі, тауық және қоян өсіру үшін қоражайлар салуға көмектесті. Бүгінгі таңда мекемеде 10 ешкі, 3 лақ, 33 қоян, 9 тауық бар. Ал биыл түйетауық өсіруді жоспарлап отырмыз, - деді Г.Зинеденова.
Сондай-ақ оның айтуынша, мүгедектерге кедергісіз орта құру жөніндегі шаралардың аясында мүмкіндігі шектеулі қызмет алушылар үшін кіре берісте пандус орнатылған. Сыртқы кіре берістен бөлімше ішіне дейін еркін қозғалу үшін зағип жандарға тактилді жол және мүгедектерге жуыну орындарында, әжетханаларда, дәліздерде қол жетімділігін қамтамасыз ету үшін арнайы тұтқалар қарастырылған. Орталықта зағип жандар үшін ақпараттық мнемосхема және Брайл тілімен жазылған тақтайшалар, қызметкерді шақыру түймелері және көру қабілеті шектеулі адамдарға арналған сыртқы дыбыстық сигнал қойылған.
- Сонымен қатар қызмет алушылардың жеке қызығушылықтары үшін интернет желісіне қосылған және қауіпсіздік шаралары үшін ғимаратта 93 бейнебақылау камерасы жұмыс істеп тұр. Оның 45 данасы сыртқы аулаға орналастырылған, 48 данасы бөлімшелерде орналасқан. Өткен жылы бейнебақылау камерасына талшықты желі орнатылып, Полиция департаментіне қосылды, - деді мекеме басшысы.
Айта кетейік, орталықта науқастардың жағдайын жақсартып, денсаулықтарын қалыпты ұстау мақсатында әлеуметтік-тұрмыстық және әлеуметтік-медициналық қызметтердің түрлері көрсетіледі.