Атырауда Қазақстан Республикасының Құрметті спорт қайраткері, ҚР еңбегі сіңген жаттықтырушы Асан Раушанов жүлдесіне арналған жасөспірімдер арасында ашық республикалық турнир өтті, деп хабарлайды Өңірлік коммуникациялар қызметі.
Х.Досмұхамедов атындағы Атырау университетінің «Жайық» спорт кешенінде өткен турнирге Өзбекстан, Қырғызстан Республикалары, Шымкент қаласы, Ақтөбе, Батыс Қазақстан, Қостанай, Қарағанды облыстарынан 250-ге жуық спортшы қатысты. Турнир барысында жасөспірім ұлдар мен қыздар 16 салмақ дәрежесі бойынша бақ сынады.
Дүбірлі доданың салтанатты ашылуына облыстық Дене шынықтыру және спорт басқармасы басшысының міндетін атқарушы Нұржауған Төлеуова, Қазақстан Республикасының Құрметті спорт қайраткері Асан Раушанов қатысып, жарыс қатысушыларына сәттілік тіледі.
- Қазақ күресі мен дзюдодан ауыл жастарын дайындаған белгілі бапкер Асан Раушанов жүлдесіне арналған ашық республикалық турнир жұмысы бүгінде тәуелсіз еліміздегі дзюдо жарыстарының қатарын көбейтуде. Өңірімізде дзюдоны өзіне серік еткен жасөспірімдердің саны 2500-ге жетті. Бұл әрине үлкен жетістік, зор нәтиже. Аймағымызда спорт саласын дамыту мақсатында көптеген жұмыстар жасалуда. Кәсіпкерлердің қолдауымен ауыл-аймақтарда спорт кешендері бой көтеруде. Мұның барлығы құптарлық жағдай. Ал жарысқа қатысушы балуандарға сәттілік тілеймін. Нағыз чемпиондар топ жаруына тілекшімін, деді Н.Төлеуова.
Байрақты бәсеке қорытындысында 2006-2007 жылы туған ұлдар арасында 50 келі салмақта 1 орынды қызылқоғалық Ерхан Мұрат, 55 келі салмақта атыраулық Айбар Жұмабай, 60 келі салмақта ақтөбелік Ерасыл Ержанов, 66 келі салмақта ақтөбелік Омар Нұрбергенов, 73 келі салмақта өзбекстандық Абдулах Нутфуллаев, 81 келі салмақта қарағандылық Санжар Ерұланұлы, 90 келі салмақта батыс қазақстандық Алдияр Саин, 90 келіден жоғары салмақта қарағандылық Алмас Темірқұлов иеленді. Ал қыздар арасында 1 орынды 40 келі салмақта ақтөбелік Асылжан Жекеева, 44 келі салмақта маңғыстаулық Гүлмира Наурызғали, 48 келі салмақта қырғызсатандық Нұрдана Умурбекова, 52 келі салмақта қарағаныдылық Аяулым Қайрат, 57 келі салмақта атыраулық Мадина Амангелді, 63 келі салмақта атыраулық Әсемгүл Кулуш, 70 келі салмақта атыраулық Аниса Ибаттола, 70 келіден жоғары салмақта маңғыстаулық Гүлдана Теңелбаева алтыннан алқа тақты.