Атырауда дзюдодан ел чемпионаты өтіп жатыр

«Атырау» спорт кешенінде ерлер мен әйелдер арасында дзюдодан Қазақстан Республикасының чемпионаты өтуде, деп хабарлайды AtyrauPress тілшісі.

Байрақты бәсекеде 500-ге жуық спортшы өз бақтарын сынауда. Республикалық біріншілік ҚР Мәдениет және спорт министрлігі, Атырау облысының әкімдігі, Қазақстан дзюдо федерациясының ұйымдастыруымен өткізілуде.

 Жарыстың алғашқы күні әйелдер 48 келі және 52 келі салмақ дәрежесінде, ал ерлер 60 келі мен 66 келіге дейінгі салмақ дәрежесінде өзара мықтыны анықтады. Ал, кеше әйелдер 57, 63, 70 ерлер 73 және 81 келі салмақта белдесті. Екі күн де Атыраулық спортшыларымыз үшін табысты күн болды. 60 келі салмақта Қанат Сейілхан және 63 келі салмақта Есмигуль Куюлова алтын жүлделерге ие болды. 57 келі салмақта Дана Абдирова ақтық сынға дейін жетіп, күміс медальға ие болса, 66 келі салмақта белдескен Айболат Ыстыбай және Ермек Амангелді қола жүлделерді жеңіп алды.

 Екі күннің нәтижесі бойынша Атыраудың намысын қорғап жатырған спортшыларымыз жалпы командалық есепте бірінші орында келе жатыр. Жүлдегерлерді марапаттаған қала әкімінің орынбасары Нұржан Ермұханов жастар арасында салауатты өмір салтын насихаттап, спортпен шұғылдануға және халықаралық спорт аренасында республикамыздың намысын лайықты қорғап жүрген чемпиондарымызды әрқашан мақтан тұту қажеттігін айтып, алдағы байрақты бәсекелеге сәттілік тіледі.

 Айта кетейік, татамидегі белдесу 18 қарашаға дейін жалғасын таппақ. Көрем деушілерге «Атырау» спорт кешеніне кіру тегін.