Атырауда жол ережесін бұзғандар дрон арқылы анықталды

Атырауда жыл басынан бері тас жолдарда дрон арқылы 300-ден астам басып озу дерегі анықталды, деп хабарлайды AtyrauPress Polisia.kz.-ке сілтеме жасап.

Республикалық маңызы бар тас жолдарда болатын жол-көлік оқиғаларына басты себеп – көлік жүргізушілерінің жол қозғалысы ережелерін сақтамау. Статистикалық мәлімет бойынша жол-көлік оқиғаларының басым бөлігі жүргізушілердің жылдамдықты шамадан тыс асырып, қарсы бағытқа шығып, басып озу қағидатын бұзуынан орын алады. 

Тас жолдарда жол-көлік оқиғаларының санын азайту мақсатында Атырау облысы ПД жанындағы патрульдік полиция ротасының қызметкерлері дрон құрылғысын пайдаланып отыр.

Жыл басынан бері дрон арқылы 300-ден астам басып озу ережесін бұзу дерегі анықталды. Осы мақсатта атыраулық полицейлер авариялық аумақта күшейтілген режимде қызмет атқарып, күнделікті алдын алу жұмыстарын жүргізіп жатыр.

 

Эльмира МЫҚТЫБАЕВА