Атырауда домбыра күніне орай екі күн бойы керемет іс-шаралар өтеді

Атырауда Ұлттық домбыра күніне орай 1, 2 шілдеде бірқатар іс-шаралар өтеді, деп хабарлайды AtyrauPress.

1 шілде күні Сұлтан Бейбарыс атындағы алаңында «Dombyra party» өтеді. Бұл іс-шараға домбыраның құлағындай ойнайтын кәсіби муызканттармен қатар әуесқой домбырашылар қатыса алады.

Ал 2 шілдеде сағат 19:30-да Исатай мен Махамбет алаңында Дина Нұрпейісова атындағы қазақ халық аспаптар Академиялық оркестрі мен Қаршыға Ахмедьяров атындағы «Нарын» халық аспаптар оркестрінің бірлескен мерекелік концерті өткізіледі. Мерекелік шараға мұнайлы өлкеге есімі танымал әртістер өнер көрсетпек. Олардың қатарында «Нарын» халық аспаптар оркестрінің көркемдік жетекшісі және бас дирижері, ҚР мәдениет үздігі Ержан Қитаров, ҚР мәдениет қайраткері Рахила Ерғалиева және ҚР Мәдениет үздігі Сая Жұмашева бар. Сондай-ақ, қатысушылар қатарында солистер: Аманжан Басығариев, Манарбек Дәулетов, Жәнібек Жәмиев және басқалары бар. Сондай-ақ, мерекелік шара барысында «Інжу-Маржан» би ансамблі өнер көрсетеді.

Эльмира МЫҚТЫБАЕВА