Ауруханада оңалту және қалпына келтіру бөлімшесінде жылына орташа есеппен 1200 пациент реабилитациялық оңалтудан өтеді.
Бұл туралы облыстық аурухана директоры Ербол Иманғалиев Атырау облысының Өңірлік коммуникациялар қызметінде мәлімдеді.
Бүгінгі таңда халыққа көрсетілетін медициналық көмектің сапасын жақсарту мақсатында аурухана заманауи материалдық техникамен қамтылған. Сонымен қатар дәрігерлер де Нұр-Сұлтан, Алматы қалаларында шеберліктерін шыңдап, біліктіліктерін арттырып жатыр. Оған қоса, Ұлыбритания, Франция, Норвегия, Литва, Германиядан келген дәрігерлер жергілікті ақ халаттыларға емдеудің жаңа тәсілдерімен қатар, заманауи құрал-жабдықтарды қолдану жолдарын үйретуде.
-Облыстық аурухана 335 орынға шақталған. 2016 жылдан бастап 12 жас дәрігер аурухананың бюджет қорынан резидентурада оқытылып, олардың төртеуі жұмысқа кіріссе, ал сегізі оқуын жалғастырып жатыр. Дәрігерлер мен медбикелердің қызметтік құрамы «НСОС» және «Проспект Медикал Каспиан» компаниясымен шетелдік мамандар арқылы және М.Оспанов атындағы медициналық академиясында өз білімдерін жетілдірді. Сондай-ақ, аурухананың хирургиялық бөлімдерінде жоғары мамандандырылған ота түрлері тәжірбиеге енгізілді. Бұл технологиялар бұрын Астана, Алматы қалаларындағы Республикалық деңгейдегі ғылыми зерттеу институттарында ғана тәжірибеде болған, - деді Е.Иманғалиев.
Қазір облыстық ауруханада 780-нен астам маман жұмыс істейді. Оның 134-і дәрігер.