Атырау жылу электр орталығы штаттық режимде жұмыс жасауда, деп хабарлайды AtyrauPress тілшісі.
Атырау ЖЭО басшылығынан біз 2022-2023 жылдарғы жылыту маусымындағы жұмысы туралы сұрадық. Кәсіпорын қазір штаттық режимде жұмыс жасап тұрғаны белгілі болып отыр.
Атырау жылу электр орталығының (АЖЭО) қуаты 474 МВт электр және 798 Гкал/сағ жылу энергиясын өндіруге жетеді. Орталықта 11 турбоагрегат, 14 жылу қазандығы және бір газтурбиналы қондырғы (ГТҚ) істеп тұр. Сонымен қатар, кәсіпорында сағатына 103 Гкал өндіретін үш фин жылу қазандығы бар. Бұл – Атырау қаласының оң жағалау бөлігін жылумен және ыстық сумен қамтамасыз ететін Атырау жылу электр орталығының құрамдас бөліктерінің бірі. Оның өндірістік қуаты - 120 МВт (103 Гкал), мұны әрқайсысы 40 МВт үш жылу қазандығы (Финляндияда жасалған) қамтамасыз етеді. Қазандық 1995 жылы пайдалануға берілді, табиғи газбен жұмыс істейді. Атырау ЖЭО жыл сайын жылу беру маусымында тұрақты жұмысты қамтамасыз ету үшін өз қаражаты есебінен барлық күштік қондырғылар мен агрегаттарға ағымдағы және күрделі жөндеу жұмыстарын жүргізеді.
2022-2023 жылдардағы жылыту маусымында тұрақты жұмысты қамтамасыз ету бойынша жоспарлы іс-шаралар аясында кәсіпорында №2, №9 және №11 жылу агрегаттары, сондай-ақ №9 турбоагрегаты толық күрделі жөндеуден өтті. Сонымен қатар, №5 турбоагрегатының орындалысы 79% құрайды. Бекітілген кестеге сәйкес аяқталу мерзімі - ағымдағы жылдың қараша айына жоспарланды. Алайда, қосымша атқарылатын жұмыстардың анықталуына байланысты «Кегок» АҚ БЖЭТФ-на ескертіліп, жөндеу жұмыстарының мерзімі ағымдағы жылдың желтоқсан айының соңына дейін ұзартылды.
2021-2024 жылдарға арналған инвестициялық бағдарлама аясында Атырау ЖЭО-да қуаты 130 МВт жаңа турбоагрегатты ауыстыру және орнату жұмыстары жүргізіліп жатыр. Сонымен қатар, №13 (65 МВт) және №6 (65 МВт) турбоагрегаттарын ауыстыру жұмыстары қолға алынды. №13 турбоагрегат бойынша орындалған жұмыс көлемі - 95%, толық аяқталуы қараша айының соңы - желтоқсанның басына жоспарланған. Қазір турбоагрегатты іске қосуға дайындық жұмыстары басталды. №6 турбоагрегат жұмыстарын аяқтау 2024 жылдың желтоқсан айына жоспарланған - АЖЭО тапсырысы бойынша шығарушы зауытта оның қосалқы бөлшектері мен компоненттерін жасау және құрастыру жұмыстары жүріп жатыр.
Айта кету керек, АЖЭО-дағы негізгі отын түрі – табиғи газ, апаттық жағдайда – мазут. Бүгінгі таңда кәсіпорында 3 819,7 тонна көлемінде апаттық отын (мазут) қоры бар.
Атырау облысы бойынша жылу энергиясының тарифтері:
- жеке тұлғалар үшін - 4741,02 теңге/Гкал (11.02.2022 бастап енгізілген);
- заңды тұлғалар үшін - 15 062,45 теңге/Гкал (05.01.2022 бастап енгізілген);
- бюджеттік ұйымдар үшін - 22 640,51 теңге/Гкал (24.03.2022 бастап енгізілген).
Айта кетейік, «Атырау жылу электр орталығы» акционерлік қоғамы (АЖЭО) 1963 жылы пайдалануға берілді. Кәсіпорын Атырау облысын электр энергиясымен, сонымен қатар Атырау қаласын жылумен қамтамасыз етеді.