Атырауда жыл басынан бері сыбайлас жемқорлық дерегімен 26 адам сотталған

Атырау облысында биылғы 11 айда сыбайлас жемқорлық дерегімен 26 адам сотталған. Олардың арасында басшылық қызметте болғандары да бар.

Сыбайлас жемқорлыққа қарыс іс-қимыл агенттігі Атырау облыстық департаментінің басшысы Ерлан Досановтың мәліметінше, сыбайлас жемқорлық қылмысының тәуекелі құрылыс саласында жиі анықталып отыр.

«Бірінші басшыдан бағынышты қызметкерлерінің сыбайлас жемқорлық үшін дерес жауапкершілік сұралады. Сол себептен, сыбайлас жемқорлық қылмысын болдырмау үшін арнайы карта енгізілді. Осындай іс-шаралардың нәтижесінде 417 млн теңгеден астам қаражатты жымқыру қаупінің алдын алып отырмыз. Департамент қызметкерлері тауарларға, көрсетілетін қызметтерге бағаны қолдан көтеру дерегіне қатысты мемлекеттік сатып алу конкурстарына жүргізген мониторингтің нәтижесімен 4 млрд теңгеден астам қаражат үнемделді. Биылғы жылдың 11 айында сыбайлас жемқорлық дерегімен 26 адам сотталды. Оның ішінде бірінші басшы лауазымын атқарған 3 адам бар», -деді Ердан Досанов.

Оның айтуынша, мемлекеттік органдар басшыларының тарапынан тиісті бақылау жасалмайды. Бұл әлеуметтік нысандар мен жол құрылысын мерзімінде тапсырмауға әкеліп соқтырады. Ал, сыбайлас жемқорлыққа қарсы мәдениетті қалыптастыру бағытында формальды тәсілдер қолданылады.

Мәселен, Исатай ауданының әкімдігі үй құрылысы бітпесе де, мердігерге 330 млн теңгені аударып жіберген. Ал, Жылыой ауданында мектепті жөндеу кезінде 20 млн теңгенің жұмысы атқарылмағаны  анықталған. Сондай-ақ, Мақат ауданында тұрғын үй құрылысына бөлінген бюджеттен 43 млн теңге жымқырылмақ болған.

 

 

Фото ашық дереккөздерден алынды.