Атырауда жыл басынан бері 3 жарым мыңға жуық донор қан тапсырған

Бүгін облыстық қан орталығында арнайы іс-шара өтіп, өмір мен өлім арасында арпалыста жатқан науқастарға тұрақты түрде қан тапсыратын азаматтар марапатталды.

14 маусым – халықаралық қан доноры күні. Бұл күні қан тапсыруға келген донорлардың қарасы көп. Солардың бірі – Самат Бекешев. Ол 1986 жылдан бері қан тапсырып келеді екен. Әр сәтте өзін жеңіл сезінеді. Ал бастысы, науқастарға септігі тиіп жатқанына риза.

Облыстық қан орталығы өткізген іс-шарада донорлыққа қосқан үлесі мен тұрақты түде қан тапсырып келе жатқан азаматтарға алғыс хат табысталды.  Олардың арасында «Аналар үндестігі» қоғамдық бірлестігінің төрайымы Гүлсім Биташева да бар.

Донор 14 жылдан бері қан тапсырып келеді екен. Жеңгесі қатты науқастанып, қажетті қан тобы табылмай көз жұмыпты. Содан ауруханада төсегінде бір тамшы қанға зәру науқастарға көмектесуді шешті.

-Пайдам тисін деген ниетпен келемін. Мені ешкім үгіттемейді. Азаматтық парызым деп, әр 3-4 айда қан тапсырамын. Мұны мен сауапты іс деп санаймын. Таза, жөндеу жасалған ғимаратқа және осындағы абзал жандарға қарап, әуесім келеді, - дейді Г.Биташева.

Олыстық ішкі саясат басқармасының «Азаматтық орталығы» КММ-нің «Ұйымдастыру және ақпараттық жұмыс» бөлімі  қан орталығымен бірлесіп, жылдағыдай «Өзгеге өмір сыйла» атты үш күндік акция ұйымдастырылды. Бөлім басшысы Әнел Маратованың айтуынша, кеше 42 адам қан тапсырды. Ал  былтырғы акция кезінде 59 адам қан доноры болып, 26 литрден астам қан жиналды.

Бүгінде Атырау облысында қан қоры жеткілікті. Биыл жыл басынан 3500 адам қан тапсырған. Облыстық қан орталығының директоры Жәңгірхан Баққонов жылына 10 мыңнан астам адам қан тапсыратынын алға тартты.

-Облысымызда қан тапшылығы жоқ. Біз жылына 17 мың доза қан дайындаймыз. Соның 12 мыңын денсаулық сақтау мекемелеріне жібереміз. Бұдан бөлек, 3,5 мың тонна қан өнімін дайындаймыз. Біз түрлі акциялар ұйымдастырып, жылжымалы бригадалардың мекемелерге шығып, қан жинауына атсалысамыз. Осы ретте, адам өміріне араша болып, қан тапсырып жатқан донорларға алғысымды айтамын, - дейді Ж.Баққонов.

Айта кетейік, донорлар бір келгенде 430 миллилитр қан тапсырады. Қан орталығының қызметкерлері күніне 20-80 донор қабылдап, 40 литрге жуық қан дайындайды.