"Атырауда жұмыс жоқ " деген – сылтау ғана

Атырауда жұмыссыздық мәселесі әлі де шешімін таппай отыр, деп хабарлайды ATYRAUPress тілшісі.

Осыған орай, біз облыстық жұмыспен ақмтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының бас маманы Мәлике Хозе-Диасовамен сұхбаттасқан едік.

– Жұмыссыз жастар мемлекеттің тегін грантын алып, неге бизнес бастамайды?

– Жаңа бизнес-идеяларды іске асыруға арналған мемлекеттік гранттар қаражаты қажетті еңбек құралдарын, технологиялық жабдықтарды, жануарларды, малды, құсты сатып алу үшін нысаналы мақсатта пайдаланылады. Гранттар тұтынушылық мақсаттарға, несие қарыздарын өтеуге, жылжымайтын тұрғын үй сатып алуға және салуға, жер телімдерін сатып алуға, акцизделетін өнімдердің өндірісіне және жалдау ақысына берілмейді. Грант алған жастардың өздерінің құлшыныстары жоқ. Қайтарымсыз несие алған соң, жыл бойына онлайн есеп беріп отырады. Көп кемшіліктер кездеседі. Уақытында чектерін салмайды. Содан кейін қайтару керек болады. Тіпті, жартысына жуығынан сот арқылы қайтарып алып жатырмыз. Байқасаңыз, дені қайтарымсыз қаражат алғаннан кейін оған жауапкершілікпен қарамайды. Есебін беріп отырса да, адамнан қулық артылған ба, оны ебін тауып, жымқырып қалғысы келетіндер де табылады. Ал, пайызбен несие алатын болса, үстіндегі үстемеден қорқып, жұмысын жүйелі жүргізуге ұмтылады.

– Президент Жолдауын тыңдаған боларсыз?

– Расымен, «алма піс, аузыма түс» дейтіндер көбейіп кетті. «Үкімет маған не береді» деп қол жаймай, керісінше «еліме мен не бере аламын» деген ойды санаға сіңіру адамның талмай еңбек етуіне жол ашар еді. Біреудің есебінен өмір сүру, ауырдың үстімен, жеңілдің астымен жүріп күн көру, қиындыққа төзімсіздік таныту, жеңіл табыс табуға ұмтылу сынды жағымсыз әрекеттер қазіргі қоғамның кесірі болып отыр. Шындығында, адам еңбек ету арқылы ғана жетіледі. Заман талабына сай табыс табуына, лайықты жұмыс жасауына, өз мүмкіндіктерін толық пайдаланып, құқықтарының шектелмеуіне жағдай жасау мемлекеттік органдардың басты міндеті деуге болады. Жолдауда жан-жақты мүмкіндікті пайдалана отырып, жастарды жұмыспен қамту жайы да сөз болды. Бұл бастама тек жұмыссыздықты шешіп қоймай, масылдықтың да алдын алады деп ойлаймын. Жалпы, қоғамдағы жастар пулы – үлкен күш. Мемлекеттік саясатта оны ескермеу мүмкін емес. Сондықтан Президент жастарды елдің драйвері ретінде танып, жаңа мүмкіндіктерге жол ашып отыр. Бір сөзбен айтқанда, бұл – кәсіпкерліктің дамуына барынша жасалған жағдай. Жұмыс істеймін дейтін азаматтарға қолдау көрсетеміз.

– Атырауда мемлекеттік грант көбіне кімдерге беріліп жатыр?

– Жыл басынан бері «2022-2025 жылдарға арналған кәсіпкерлікті дамыту жөніндегі ұлттық жоба шеңберінде» 175 адам мемлекеттік грант алды. Оның ішінде 128-і ауылдық өңірлерден. Яғни, мемлекеттік грант иелерінің 73 пайызы – ауыл адамдары. Мәселен, Құрманғазы, Қызылқоға аудандарында мал шаруашылығын дамытуға өтініштер түссе, Жылыой ауданының тұрғындары тегершік жөндеу секілді қызмет көрсету салалары бойынша кәсіп жасауға ниетті.

– Сонымен, жұмыссыздықты қалай жоюға болады?

– Әлеуметтік сала дегенде ойымызға, ең алдымен, жұмыссыздық мәселесі келетіні белгілі. Аталған проблема дамушы елдерде ғана емес, дамыған елдерде де өзекті саналады. Себебі, халық санының табиғи өсімі мен азаюы біркелкі жүрмейді, зейнетке шыққан мамандардың орнын лезде алмастыру мүмкін емес. Мәселен, бізде «Ұрпақтар келісім-шарты» жобасы бар. Ол 2021- 2025 жылдарға арналған кәсіпкерлікті дамыту жөніндегі ұлттық жобасы аясында жүзеге асырылуда. Мұндағы мақсат – жас мамандарға жұмыс ұсыну әрі зейнеткерлікке шығатын мамандардың орнын ауыстыру процесіне дайындық. Диплом алған жастардың бірден жұмыс тауып кете алмайтыны белгілі. Ал, кейде, керісінше, өз ісінің кәсіпқойы саналатын, зейнет жасына жетіп қалған маманның орнына адам табу оңай емес. Сондықтан, екі қоянды бір оқпен «ату» үшін осы жобаны қолға алып отырмыз. Жобаға оқуды аяқтағанына екі жылдан аспаған және жасы 29-дан аспаған түлектер қатыса алады. Ол белгілі бір мекемедегі зейнетке шығуға кемінде 6 ай уақыты қалған қызметкерді алмастырады. Қатысу мерзімі аяқталғаннан кейін сол мекеменің басшылары жас маманды тәлімгердің бос жұмыс орнына немесе басқа бос орынға ауыстыруға міндетті. Алғашында 18 ай көлемінде жалақы мөлшері 30 айлық есептік көрсеткішті құрайды. Дегенмен, жастар мұндай еңбекақыға келіспейді. Оларға 200-300 мың теңге аралығындағы табыс керек.