Атырауда жүгіруден марафоны өтті (+ФОТО)

Мұнайлы мекенде бесінші мәрте ұйымдастырылған «Atyrau Marathon 2022» қайырымдылық марафонына мыңнан аса адам қатысты, деп хабарлайды AtyrauPress.kz тілшісі.

Марафонға қатысушылардан жиналған жарна «Асар-Уме» қорына аударылды. Жарыс облыстық жеңіл атлетика федерациясы, дене шынықтыру және спорт басқармасы, қалалық дене шынықтыру және спорт бөлімі мен «Infinity» фитнес-клубтар желісінің қолдауымен өтіп отыр.

Шара шымылдығын ашқан шаһар басшысы Мейірім Қалауи марафоншыларға сәттілік тіледі.

– Биыл 8 қазан ресми Атырау қаласының күні болып аталып өтіледі. Осыдан тура 382 жыл бұрын ару қаламыздың алғашқы кірпіші қаланған болатын. Содан бері «мұнайлы астанамыз» күннен күнге көркейіп келеді. Осы орайда, әрқайсыңыз оның өсіп-өркендеуі мен қарыштап дамуына үлкен үлестеріңізді қосасыздар деген сенімдемін. Мереке қарсаңында түрлі іс-шаралар мен қызықты жарыстар ұйымдастырылады. Соның бәріне белсене қатысып, атаулы күнді көтеріңкі көңіл-күймен өткізуге шақырамын, – деді М.Жоламанұлы.

Марафоншылар 5, 10, 21 және 42 шақырымға жүгірді. Жарыс нәтижесінде 42 шақырымға жүгіруден ерлер арасында Аманқос Ислам мен әйелдер арасында Айнагүл Қуанышева мәре сызығын бірінші болып кесті. Ал, 21 шақырымға жүгірген ерлерден Нұркелді Аман, әйелдерден Әсем Қабдош жеңіс тұғырынан көрінді. Сондай-ақ, 10 шақырымға жүгіруден ерлер арасында Есенбол Жаңабек пен әйелдер арасында Нұргүл Орынбасар бірінші орын иеленді. Сол секілді, 5 шақырымға жүгірген ерлерден Санжар Базарбаев пен әйелдерден Меган Бишоп  алтын медальға қол жеткізді.

Соңында жеңімпаздарға ақшалай сыйлық пен барлық қатысушыларға естелік медаль табысталды.