Атырауда жыл басынан бері жол құрылысын жүргізу барысында 21 кемшілік анықталды, деп хабарлайды ATPress. kz.
Жыл басынан бері Атырау облысындағы жергілікті маңызға ие жолдардан 21 кемшілік анықталған. Оның біреуі өрескел. Бұл туралы «Жол активтері сапасы ұлттық орталығы» РМК Атырау облыстық филиалының инженері Нұрлан Жантурин айтты.
Маманның мәліметінше, филиал өкілдері қаңтар мен маусымның соңына дейін жоспар бойынша жергілікті маңыздағы жолдарға 100 пайыз сараптама жүргізген. «Инженерлер 50 рет тексеріске шығып, 21 кемшілік анықтады. Әзірге ақаулардың ешқайсысы жойылған жоқ. Өрескел кемшілік Атырау қаласы Балықшы ықшам ауданынан Зарослый елді мекеніне дейінгі аралықтағы қайта жаңғыртылып жатқан 5,7 шақырым жолда анықталды. Тексеріс барысында аталған жолдан асфальт-бетон жабындысының төменгі қабатының бұзылуы және шөгуі байқалды. Сонымен қатар, асфальт-бетон жабындысының төменгі қабаты біркелкі бірікпеген. Ал, анықталған кемшіліктердің басым бөлігінде нормативті-техникалық құжаттардың болмауы және құрылыс нысандарында техникалық қадағалаушының жоқтығы анықталды», дейді Н.Жантурин.
Мәселен, Исатай ауданы Аққыстау селосында салынып жатқан 16,3 шақырым елдімекен ішілік, Х. Ерғалиев ауылында күрделі жөндеу жүріп жатқан 8,6 шақырым ауылішілік жол мен жаяу жүргіншілер жолын және Құрманғазы ауданындағы 0-36 шақырым "7 разъезд - Асан - Азғыр - Балқұдық - Сүйіндік" жолы, Қызылқоға ауданы Сағыз селосы 6,8 шақырым ауыл ішілік жолының құрылысын тексеру кезінде техникалық қадағалаушының жоқтығы белгілі болған.
Ал, Аққыстаудағы 16,3 шақырымдық және Махамбет ауданы Сарытоғай ауылындағы 10,9 шақырым жолдың нормативті-техникалық құжаты болмаған.
-Мердігер мекеме өкілдері техникалық қадағалаушының жоқтығын кейбір нысандарда әлі жол құрылысы жұмыстарының қарқынды жүрмеуімен байланыстырады. Дегенмен жарты жыл ішінде сараптама нәтижесі бойынша мердігер мекемелердің жол негізін және асфальт-бетон жабындысын қайта салу жұмыстары тіркелген жоқ. Мемлекеттік сәулет және қала құрылысын бақылау басқармасына 1 хат жолданды, - дейді Жол активтері ұлттық сапа орталығы РМК АОФ инженері Нұрлан Жантурин.