Атырау облыс бойынша жол-көлік құқық бұзушылығын жасағаны үшін соңғы 2 жылда 60 жүргізуші сотталып, оның ішінде 35 адам 1-ден 7 жылға дейінгі мерзімдерге бас бостандығынан айырылды, деп хабарлайды AtyrauPress тілшісі.
Соңғы кезде елімізде жол апаты жиілеп отыр. Бұған сұмдық статистика көрсеткіштері куә. Мәселен, алақандай Атыраудың өзінде биыл 116 жол-көлік оқиғасы орын алып, 53 адам көз жұмған. Оның екеуі кәмелет жасқа толып та үлгермеген. Әттең...
Бірін бірі сыйламайды
Атырау облыстық полиция департаментінің өкілі Мейірім Ердәулеттен алған мәліметімізге сүйенсек, соңғы екі жылда жол бойында құқық бұзған алпыс жүргізуші сотталып, оның жартысынан көбі бір және жеті жылға дейінгі мерзімдерге бас бостандығынан айырылған. Сорақысы сол, апаттың айтарлықтай бөлігі «ащы суға» сылқия тойып алған жүргізушілердің жауапсыздығынан болып отыр.
Ал, облыстық прокуратура мамандары жүргізушілерді жол қозғалысы ережелерін мүлтіксіз сақтауға және адамдардың жарақаттануы мен өліміне жол бермеуге шақырудан шаршамайтындарын айтады. Бірақ, жол бойында жүргізушелердің дені бір-бірін сыйламайтындарын және бір-біріне жол бермейтіндерін жасырмайды. Соның салдарынан жол апаты да жиілеп тұр. Оны былай қойғанда, қарапайым жедел жәрдем мен арнайы өрт сөндіру қызметінің көліктеріне жол бермей, тіпті, оларды жоғары жылдамдықпен басып озаты озбырлар да бар екен.
Кінәлі кім?
Осы орайда, жуырда республика Премьер-Министрі Әлихан Смайылов Үкімет отырысында жол қозғалысы қауіпсіздігін қамтамасыз ету жөніндегі шараларды күшейтуді тапсырды. Оның айтуынша, Қазақстан жол қауіпсіздігі бойынша әлемдік рейтингте 107-орында тұр. Себебі, дамыған елдермен салыстырғанда, бізде жол-көлік оқиғасынан қаза табу ықтималдығы 11 есе жоғары.
«Биылдың сегіз айында жол апаты 14%-ға, қаза тапқандар саны 18%-ға көбейді. Нақты айтқанда, 9429 жол-көлік оқиғасынан 1478 адам қаза тапқан. Бұл орта есеппен тәулігіне 5-6 адам жол үстінде көз жұмады деген сөз. Көлік жүргізу мәдениеті де өте төмен. Жол ережесін жиі бұзатын шамамен 71 мың жүргізуші анықталып отыр. Олардың кейбірі жол ережесін биыл 150 рет бұзған. Мұндай жүргізушілерді қатаң жазаға тарту керек» деген Премьер-Министр жүргізушілерді даярлау сапасын да сынға алды.
Қазір 747 оқу орталығы бар. 2018 жылдан бастап оларға лицензиялаумен рұқсат беру алып тасталды. 2020 жылдан бері мемлекеттік бақылау да жоқ. Дайындықтың төмен сапасы үшін әкімшілік жауапкершілік жойылды. Көп мектептерде керекті материалдық база жоқ. Сондай-ақ, жалпы білім беретін мектептерде балаларға жол жүру ережесі оқытылмайтын болып шықты.
Жол апатының жиілеуіне екінші себеп – сапасыз жолдар. Жол қауіпсіздігі саласында бейнекамералар мен басқа да техникалық бақылау құралдары жеткіліксіз. Мәселен, республикалық маңызы бар автожолдарда бейнебақылау жүйесі тек Ақмола облысында ғана бар. Енді Атырауда да орнатылады деп күтілуде.
Бұдан бөлек, еліміздің Ішкі істер министрі Марат Ахметханов жол апатына себеп болып жүрген тағы бір себепті атайды. Бұл – автомектепке бармай, өздігінен көлік айдап үйренетіндердің көбейгені. Олардың тең жартысы жол бойындағы қанды қырғынға себепкер болады екен.
«Бірқатар өңірде жол қоршаулары мен жарық орнату, жерасты және жер үсті жаяу жүргіншілер жолын салу жұмыстары баяу жүріп жатыр. Жол ережесін бұзуды автоматты түрде тіркейтін камералар жеткіліксіз. Жол-көлік оқиғаларының тағы бір себебі, 2019 жылдан бері автокөлік саны 3,9 млн-нан 5 млн-ға дейін өсті. Оның ішінде шетелдік тіркеудегі көліктер де бар. Еліміздегі көліктердің жартысынан астамының пайдалану мерзімі 20 жылдан асып кеткен. Оған қоса, соңғы төрт жылда техникалық жайдайға байланысты байқаудан өтпей қалған көліктердің саны екі есеге азайған. Бұл үлкен күмән тудырады» дейді министр.
«Қорғау» қосымшасы қорғай ма?
Қазір министрліктің бастамасымен шілде айынан бастап Атырау қаласында «Қорғау» қосымшасы іске қосылған. Бұл өз кезегінде жалған нөмірлері бар, сақтандыру полисі жоқ, іздеуде жүрген немесе жол ережесін жүйелі түрде бұзатын және айыппұл төлемей жүрген жүргізушілерді анықтайды. Бұған дейін мұндай фактілер барлық көліктерді тоқтатып, олардың құжаттарын жеке тексеру барысында ғана анықталатын. Енді аталған қосымша көшедегі камералардың деректерін талдап, полицейдің планшетіне «қауіпті» жүргізуші келе жатқанын автоматты түрде хабарлайды. Тез арада өрескел бұзушының жолы кесіледі. Айтпақшы, енді жалған нөмірлер үшін бір жылға жүргізу құқығынан айыру және бес тәулікке дейін әкімшілік қамауға алу жазасы енгізілді.
Статистиканы «сөйлетсек», қала сыртындағы трассаларда ең ауыр апаттар орын алуда. Онда қаза болу фактілері 70%-ды құрайды. Әсіресе, Атырауда бұл көрсеткіш одан да жоғары. Соның ішінде, Атырау және Батыс Қазақстан облыстарынан өтетін «Орал-Атырау» автожолдарындағы жағдай қиын. Осы облыстардағы қаза болу фактілерінің 64%-ы дәл осы учаскілерде орын алған. Негізгі себептер – қарсы жүріс бағытына шығу және жылдамдықты арттыру. Қала сыртындағы жолдардың қауіпсіздігіне жол бойындағы инфрақұрылым әсер етеді. Өкінішке орай, жол бойында кэмпингтер, демалыс орындары, тамақтану пункттері көбінесе жоқ. Осыған байланысты жүргізушілер көлікті ұйқысыз және демалыссыз басқаруға мәжбүр. Осылайша, олар өзін де, өзгені де қауіпке тігеді.
Бұдан басқа, арнайы айып тұрақтарын көбейту мәселесі де өткір тұр. Атырауда тек біреуі ғана бар. Нәтижесінде, тәркіленген автокөліктер полиция бөлімдерінде сақталады. Ал, бұл заң талаптарына қайшы келеді.
Тағы бір мәселе – заңсыз тасымалдаушылар. Олар жолаушыларды тасымалдау ережесін бұзып, аймақтар арасында тоқтаусыз жүреді. Ал, көліктері қауіпсіздік талаптарына сай келмейді. Көбісі тозған, қайта жабдықталған немесе рульдері оң жақта.
Жолдағы қараусыз малдың жайылымы да қауіп төндіруде. Биыл жануарлармен соқтығысу апаттарының саны 13%-ға өсіпті. 26 жүргізуші мен жолаушы қаза тауып, 135 адам жарақат алған. Мамандардың айтуынша, апатты азайтудың тиімді шешімі –заманауи талаптарға сай автоматты радар мен камералары бар патрульдік көліктерді пайдалану. Қазір мұндай көліктердің тек алпысы ғана бар екен.