Индер, Махамбет аудандарындағы лагерьлерде 2000-ға жуық, ал Атырау қаласына қарасты лагерьлерде 1500 бала демалады, деп хабарлайды ATPress.kz. Бұл туралы өңірлік коммуникациялар қызметі алаңында өткен брифингте облыстық білім басқармасы басшысының міндетін атқарушы А. Дүйсекенова мәлімдеді.
Ондағы ақпаратқа сүйенсек, мектеп жанындағы 163 лагерь де балаларды қабылдауға дайын. Қазіргі уақытта өтініш қабылдау және тізім жасау жұмыстары жүріп жатыр. Ата-аналар өтініштерін Egov порталы арқылы бере алады және тізім кейінірек жарияланады.
- Лагерьлер мен шипажайларға қабылдауда ең алдымен аз қамтылған отбасы балаларына басымдық беріледі. Еліміздің басқа аймақтарындағы демалыс-сауықтыру орындарына жіберу біздің құзырымызға кірмейді. Сондықтан да демеушілердің көмегімен ата-ана қамқорлығынсыз қалған балаларға жолдама аламыз деп жоспарлап отырмыз, - дейді А. Дүйсекенова.
Айта кетейік, былтыр жалпы 30 мыңға жуық бала лагерьмен қамтылды.
Эльмира Мықтыбаева