Атырауда жедел жәрдем стансасына күніне 1200-ден астам шақырту түсіп жатыр

Атырау облысында жедел жәрдем қызметі күшейтілген режімде жұмыс істеп жатыр, деп хабарлайды ATPress.kz.
Мәселен, жұмыс күндері жедел жәрдемге 900 шақырту түссе, ал демалыс күндері оның саны 1200-ден асқан. Бұл туралы Атырау облыстық жедел жәрдем стансасы директорының орынбасары Наргиз Баймолдаева мәлімдеді.
-Жедел жәрдемді көп ретте дене қызуының көтерілуіне байланысты жиі шақыртып отыр. Күн ыстық болғандықтан, ересектер мен балалар мұздай сусындарды ішіп, бөлме ішінде кондиционер қосып отырады. Соның салдарынан дене қызулары көтеріліп, бронхит, тонзилит және жедел респираторлық аурулар асқынып тұр, - дейді Н.Баймолдаева.
Шілденің шіліңгір ыстығы қай-қайсымызға болса да оңай тиіп жатқан жоқ. Әсіресе, қан қысымы барлар үшін қауіпті кезең. Өйткені қан қысымының бірден төмендеп немесе жоғарылап кетуі ықтимал. Осы себептермен де шақыртулар жиілеп кетіпті.
Дәрігерлер күннің ыстығында жасы келген кісілер мен балалардың үйде отырғаны дұрыс дейді. Көп жағдайда күндіз күн астында жүріп, немерелерін ойын-сауық алаңдарына апарып, басынан күн өткізгенін байқамай қалады. Оны соңы қан қысымының жоғарылауына немесе төмендеуіне ұласып жатады. Жалпы, далаға шыққан жағдайда күннен қорғайтын бас киім киген абзал. Ал салқын судың орнына көк шай ішкен дұрыс. Бастысы, көлеңкелі жермен жүріп, мейлінше күн көзінен қорғанған жөн.
Айта кетейік, қазір облыс бойынша 43 жедел жәрдем бригадасы бар. Оның 25-сі Атырау қаласында қызмет көрсетіп жатыр.