15 Қыркүйек, 2022 2347

Атырауда жатақхана тұрғындары үйді модернизациялауға қарсы

 Атырауда жатақхана тұрғындары үйді модернизациялауға қарсы

Тұрғындар жатақхананы модернизациялауға қарсы наразылығын білдірді, деп хабарлайды ATPress. kz.

"Сырты бүтін, іші түтін". Владимирская көшесі, № 99-шы жатақхана тұрғындары баспаналарының бүгінгі жай-күйін осылай суреттейді.

Өйткені 5 қабатты үйдің сырты тәуір болғанымен, іші адам көргісіз. Подъезге бастап апаратын баспалдақтар, кіре берістің және бөлмелердің жағдайы сын көтермейді. Мұнда әр секцияда 4 отбасы тұрады. Әрқайсының кем дегенде екі-үш баласы бар. Жалпы, 102 отбасы өмір сүріп жатыр.

Асхана, әжетхана, жуынатын және кір жаятын қуықтай бөлме - бәріне ортақ. Ал әр бөлменің аумағы 12-13 шаршы метрді ғана құрайды.

Нұрсұлу Нұрмағамбетова үш баласы және жолдасы бесеуі алақандай бір бөлмеде тұрады. Балалары аурушаң. Жолдасының да жүрегі ауырады.

- Бесеуіміз тар бөлмеде тізіліп жатамыз. Ешқандай жағдай қарастырылмаған. Ең болмағанда кірімізді кептіріп алатын балкон жоқ. Биыл жылу берілмейді деп жатыр. Жағымсыз иіс бар. Жертөле суға толы. Газ жоқ, - дейді Н. Нұрмағамбетова.

Балым Садығұлова 40 жыл медицина саласында еңбек сіңірген, III топ мүгедегі. Мұнда 1990 жылы жатақхана пайдалануға берілген сәттен бастап тұрады.

- Облыс және қала әкімдігі, сондай-ақ, Аманат партиясы да біздің жағдайымыздан хабардар. Әкімдік тарапынан бізге бұл үй апатты деп танылмады деп отыр. Келіспейміз. Біздің талабымыз - апатты деп шешім шығарып, пәтер берсін, көшірсін, - дейді ол.

Жатақхана тұрғындарымен кездесіп, мәселенің мән-жайын білу үшін облыс әкімінің орынбасары Қайрат Нұртаев та келді. Ол жыл соңына дейін жатақханаға қатысты нақты шешім шығатынын айтты.

- Үйдің құжаттарын қарадық. Техникалық тексеру соңғы рет 2017 жылы жасалған екен. Тағы да тексеру жүргіземіз. Қайтадан "техобследование" жасатып, соның қорытындысы бойынша шешім қабылдаймыз. Жатақхана бұзылады деп ойлаймыз. Ол үшін негіз керек. Бәрі заң аясында болуы тиіс. Қазір "Береке" шағынауданында 240 пәтерлі үйлер салынып жатыр. Бұл кісілердің де жанайқайын түсінеміз, - деді Қ.Нұртаев.

Жанайқайын ортаға салып, бүкіл мәселесін жасырмаған халық бұл жолы үмітпен тарқады.

Айта кетейік, Атырау қаласында апатты деп танылған 86 үй бар.