Атырауда жастарды дамыту бағдарламасы қолға алынды

Атырауда жастарды дамыту бастамасы бағдарламасын іске асыру үшін ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойылды, деп хабарлайды ATPress.kz.

Облыстық Абай орталығында өткен рәсімде облыс әкімінің орынбасары Нариман Таушев, «Шеврон» еуразиялық бөлімшесі басқарушы директорының міндетін атқарушы Марк Пэйн, орталық Азияның Еуразия қоры директоры Ринат Темірбеков, Атырау облысы білім беру басқармасы басшысының міндетін атқарушы Айнагүл Дүйсекеновалар мемарандумға қол қойды.


STEAM дегеніміз – ғылым, технология, инженерия, өнер және математика сияқты салаларды біріктіріп оқытатын әдіс. 


Жобаның басты мақсаты - STEAM бағыты бойынша оқушыларға білім беру және осы саладағы кәсіптерді балалар арасында кеңінен танымал ету.


Бұл кеңістіктің жұмысын «Шеврон» компаниясы 2023  жылдың соңына дейін қолдайды. Орталық Азияның Еуразия қоры Абай орталығымен бірлесе отырып, кеңістіктегі STEAM бағдарламаларын жүзеге асырады.


 Балалардың қызығушылығын арттыру мақсатында облыстағы STEAM мұғалімдері де оқытылады және бұл жоба облыстық білім беру басқармасымен бірге іске асырылады.


Айта кетейік, бұл бағыт ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың: «Техникалық мамандықтарға басымдық берілуі керек және Қазақстанға өнеркәсіптік инженерлердің жаңа буынын дайындау қажет» деген мәлімдемесімен үндеседі.