Индер ауданының төрт түлігін жабайы иттер қырып барады, деп хабарлайды AtyrauPress.
Соңғы кездері қасқырдан ит қауіпке айналды. Адамға шапқанын да естіп жүрміз. Енді бүгін Индер ауданы Елтай ауылында бір тәулік аясында үш үйдің малын қырып кетіпті.
- Таңғы алтыларда шыққанымда тыныш еді. Содан кейін іле-шала болған оқиға. Жұбайым бір дыбыс шыққаны сол-ақ екен екі қара, бір сары ит қорада ойран салып жатқан көрінеді, - дейді 10 қойы өліп, 3 қойын жарақаттаған мал иесі Жалғас Наурызов.
Сондай-ақ, кеше түнде ауыл тұрғындары А. Жәлелов, Т. Ізмағанбетовтардың малын қырып кетіпті. Ауылдың ветеринария дәрігері А. Мұқатов:
- Ит атуға рұқсат жоқ. Округ әкімімен бірге түнгі үшке дейін жүргенбіз. Бізді аңдығандай содан кейін малға шауып тұр. Біздің қолымыздан өлген малдарды көму ғана келеді, - дейді жағдайдың қиындығына алаңдаған күйі.
Шынында да мал ұстау қиынға соғып тұр. Ұрлық тағы бой көрсете бастады. Өткен жылғы ұрланған, атып алған мал табылмады. Бұл ауыл жұртының шамына тиіп тұр.