Атырауда дауыс санау басталды

Атырау облысында дауыс беру бүкіл ел бойынша сияқты сағат 20:00-де аяқталды. Референдумның учаскелік комиссиялары дауыс санау жұмыстарына кірісті. Бұл туралы «ПК» басылымына Атырау облыстық аумақтық референдум комиссиясының төрайымы Асия Кистаубаева хабарлады.

— Атырау облысындағы 276 референдум учаскесінде заңнама бұзушылықтары тіркелген жоқ. Күн бойы дауыс беру орындарында 1750 байқаушы жұмыс істеді. Олар республикалық деңгейде аккредиттелген үш қоғамдық бірлестіктің, тоғыз өңірлік қоғамдық бірлестіктің және үкіметтік емес ұйымдардың, сондай-ақ тоғыз бұқаралық ақпарат құралының өкілдері. Қазіргі уақытта байқаушылар дауыс санау процесіне де қатысып отыр.

Жалпы облыс бойынша сайлаушылар белсенділігі байқалды. Дауыс беру күніне дейінгі тізімдерге 416 619 адам енгізілген, оның ішінде алғаш рет дауыс беретін 2944 жас бар. Дауыс беру күні сағат 12:00-ге дейін учаскелік комиссияларға дауыс беру үй-жайынан тыс жерде дауыс беру туралы 2274 өтініш түсті.

Барлық өтініштер қанағаттандырылды. Сонымен қатар, облыс аумағында вахталық әдіспен жұмыс істейтін өзге өңірлерден келген 13 119 қазақстандықтың 59 пайызы дауыс беруге қатысты. Оның ішінде Кашаган кен орны аралында жүрген 260 қазақстандық дауыс берді, — деп қосты А.Кистаубаева.

Оның айтуынша, учаскелерде мүмкіндігі шектеулі азаматтар үшін де жағдай жасалған.

— Жалпы облыс бойынша тізімге аз қозғалатын топтарға жататын 4699 адам енгізілді. Олардың 864-і мүгедектер арбасын пайдаланады, 2986 адамның көру қабілеті бойынша мүгедектігі бар (оның ішінде Атырау қаласы мен Жылыой ауданы тұрғындарының 105-і Брайль қарпін меңгерген), ал 849 адамның есту қабілеті бойынша мүгедектігі бар. Бүгін күн ішінде 960 адам 137 инватакси қызметін пайдаланды, сондай-ақ учаскелерде 12 сурдоаудармашы жұмыс істеді.

Қарт адамдар мен мүмкіндігі шектеулі азаматтарға жас сайлаушылар клубтарының мүшелері мен еріктілер көмектесіп, оларды дауыс беру орындарына дейін сүйемелдеді.

Референдум учаскелерінде ұйымдастырылған онлайн-сервистерге 87 адам жүгінді. Дауыс беру күні комиссияларға арыз-шағымдар түскен жоқ, — деп хабарлады облыстық ТКР төрайымы.