Бүгін, 23 қарашада дәстүрлі республикалық «Rahymjan FEST» фестивалі басталды.
23 қараша күні сағат 16:00-де Махамбет атындағы Қазақ академиялық драма театрында фестиваль салтанатты түрде ашылып, одан соң режиссерлер Мұханғали Томанов пен Жанат Телтаев сахналаған Р.Отарбаевтың «Бейбарыс» драмасы көрсетіледі.
Ал 24 қараша күні сағат 11.00-де Батыс Қазақстан облысының Х.Бөкеева атындағы қазақ драма театры Рахымжан Отарбаевтың "Хан Жәңгір" драмасын сахналайды. Оның режиссері Мұқағали Томанов, сценографы Мұрат Мамбетов. Сондай-ақ, осы күні кешкі сағат 19.00-де Шымкент қалалық "Қуыршақ және жасөспірімдер театры" Р.Отарбаевтың "Шыңғысханның көз жасы" драмасын атыраулық көрерменге ұсынады. Оның режиссері Асхат Қалыбеков, сценографы Еркебұлан Айдаров.
25 қарашада сағат 11.00-де Абай атындағы мемлекеттік қазақ музыкалық драма театры "Мұстафа Шоқай" драмасын жұртшылыққа ұсынады. Режиссері Қажыахмет Рахметов, сценографы Ольга Муравьева. Осы күні сағат 19.00-де Шығыс Қазақстан облыстық драма театры "Көлеңке", "Айна ғұмыр" драмаларын сахналайды. Режиссері Дос Құбаш, сценографы Есбол Нұрсадықов.
Сонымен қатар, 26 қарашада Ақмола облыстық орыс драма театры (режиссері Ольга Луциева, сценограф Есбол Нұрсадықов) "Бейбарыс" драмасын көрсетеді. Ал кешке сағат 19.00-де фестивальді Мұхтар Әуезов атындағы қазақ ұлттық драма театры "Қытайдан жеткен сәлемдеме" драмасын сахналайды. Оның сахналық нұсқасының авторы Жақсылық Мұратбек, режиссері Алена Қабдешева, сценографы Қуат Түстікбаев.