Атырауда дәстүрлі садақ атудан Батыс аймақтық турнир өтті

Атырау қаласында дәстүрлі садақ атудан жасөспірімдер арасындағы Батыс аймақтық турнир өтті. Жарысты облыстық «Ұлттық спорт түрлерінің спорт клубы» КММ мен BATU HAN ZHEBESI дәстүрлі садақ ату федерациясы бірлесіп ұйымдастырды, – деп хабарлайды Өңірлік коммуникациялар қызметі.

Турнирге 150-ге жуық жас спортшы қатысты. Бұл — 2026 жылы жасөспірімдер арасында өтетін, төрт кезеңнен тұратын Батыс аймақтық турнирдің екінші бөлімі. Біріншісі Ақтөбе қаласында өтті. Ал үшінші кезең Маңғыстау облысында жоспарланып отыр.

— Бұл жарысқа Ақтөбе, Орал, Маңғыстау және Атыраудың спортшылары қатысып жатыр. Жасөспірімдер төрт нысана түрі бойынша сынға түсті: путов, қалқан, Орта Азия және жамбы нысаналары. Ату қашықтықтары — 10, 15 және 20 метр. Жарыстар әр санат бойынша бөлек өткізлді: қыздар мен ұлдар жеке сынға түссе, қатысушылар жас ерекшеліктеріне байланысты топқа тағы бөлінді, – деді «BATU HAN ZHEBESI» дәстүрлі садақ ату федерациясының президенті Марат Бексұлтан.

Жарыс қорытындысы бойынша 64 жасөспірім жүлделі орындарға ие болды. Солардың қатарында атыраулық Әлімжан Жәрдем де бар. 
- Мен садақ атумен 4 жылдан бері айналысып келемін. Бүгінгі жарысқа екі апта бойы дайындалдым. Қарсыластарым мықты болды, бірақ бар күшімді салып, қалқан нысанасы бойынша бірінші орын алғаныма өте қуаныштымын. Алдағы уақытта да жаттығуды жалғастырып, үлкен жарыстарда жақсы нәтиже көрсеткім келеді,-деді ол.

Айта кетейік, турнирдің негізгі мақсаты – Батыс өңірлерінің спортшыларын республикалық жарыстарға сапалы дайындау, ұлттық спорт түрлерін кеңінен насихаттау, сондай-ақ бәсекеге қабілетті жас спортшыларды тәрбиелеу және олардың психологиялық-моральдық дайындығын жетілдіру.