Атырауда кафе кассирін балағаттаған адамға айыппұл салынды

Бұл туралы AtyrauPress тілшісі Атырау қаласының әкімшілік құқық бұзушылықтар жөніндегі мамандандырылған сотының баспасөз қызметіне сілтеме жасап хабарлайды.

Атырау қаласының әуежайында «Manоr» кафесінің кассиріне былапыт сөздер айтып, қоғамдық тәртіпті бұзған адамға айыппұл салынды. 

Атырау қаласының әкімшілік құқық бұзушылықтар жөніндегі мамандандырылған сотында ӘҚБтК-нің 434-бабының 1-бөлігі бойынша (ұсақ бұзақылық) әкімшілік құқық бұзушылық туралы іс қаралды.

Сотта бұзақылық жасаған ер адамның кінәсі дәлелденді, оны өзі мойындады.

«Сотта құқықбұзушыға әкімшілік жаза қолдануда оның жауаптылығын жеңілдететін мән-жай ретінде әкімшілік құқық бұзушылық жасағанын мойындап, әрекетіне өкінуі ескерілді. Оны ауырлататын мән-жайлар анықталған жоқ», - деп хабарлады баспасөз қызметіндегілер.  

Сот қаулысымен әкімшілік құқық бұзушылық жасағаны үшін кінәлі деп танылып, оған 51 мың 688 теңге мөлшерінде айыппұл салынды.

Сот қаулысы заңды күшіне енген жоқ.

Эльмира Мықтыбаева

Фото: freepik.com