Атырауда бұралқы иттерді аулау үшін 80 миллионнан астам теңге бөлінді

Атырау қаласында иесіз иттерді аулау үшін 80 млн 542 мың теңге бөлінді, деп хабарлайды ATPress.kz.
Облыс орталығындағы бұралқы иттерді аулау 22 тамызда басталды. Келісім шарт бойынша «Городская служба отлова» ЖШС жыл соңына дейін 3 мың 667 бұралқы итті аулауы тиіс.
Серіктестіктің атқарушы директоры Исатай Уразғалиевтің айтуынша, ит аулауға екі адамнан құралған 4 бригада жұмылдырылған. Олардың әрқайсысында «Городская служба отлова» деп жазылған арнайы киімі және қызметтік куәлігі бар. Көліктері арнайы жабдықталған. Жұмыс барысында иттерді ұстауға арналған ілмек, тор, арнайы көлік және басқа да құралдары жеткілікті.
- Заң бойынша көшеде бос жүрген иттердің барлығын ұстауға тиістіміз. Сөйтіп олардың иелері табылып қалуы мүмкін деген үмітпен панажайда 3 күн ұстаймыз. Ал егер табылмаса, онда ұрықсыздандыру жұмыстары жүргізіледі. Бұралқы иттерді аулаған соң кинолог олармен жұмыс істеп, агрессивті немесе үй жануары екенін анықтайды. Қауіптілері жансыздандырылады. Төртаяқтыларды клиникаға апарып, ұрықсыздандырамыз да тері астына чип енгіземіз. Егер біз бостандыққа жіберген ит адамды қабатын болса, онда өзіміз жауап береміз. Оны енгізген чип арқылы сканермен кез келген жерде оқып, анықтап алуға болады. Стерилизациядан соң панажайда құтыру ауруына қарсы екпе жасаймыз, - дейді «Городская служба отлова» ЖШС-нің атқарушы директоры И.Уразғалиев.
Иттерді уақытша ұстайтын панажай қаладағы Батырғали Жанқалиев көшесінде орналасқан. Аумағы бір гектардан асатын орында 30 тор бар. Оның әрқайсысына бір иттен жайғастырады. Ал жуас, қауіпсіз салпаңқұлақтар жалпы аймақта ұсталса, ұрықсыздандыру жасалған бұралқы иттер бөлек тұрады және олар ветеринардың бақылауында болады.
Адамға, жануарларға шабуыл жасаған немесе адамның өмірі мен денсаулығына қатер төндіретін жануарлар, оның ішінде кемінде үш дарақтан тұратын топтасқан жануарлар, емделмейтін аурулармен ауыратын жануарлар Қазақстан Республикасының заңнамасында тыйым салынбаған препараттармен, дәрі-дәрмекпен (эвтаназиямен) ізгілік жолмен жансыздандыруға жатады.
Мамыр айынан бері қаңғыбас иттердің арасынан 15 төртаяқты жануарды иелері кері қайтарып алған. Олар көп ретте «итіміз қашып кетті» деген уәж айтатын көрінеді.Қазір панажайда отыздан астам ит бар. Оларға күніне бір рет тамақ беріледі. Мәселен, Исатай Уразғалиевтің айтуынша, әр итке бір келі тамақ берілуі міндетті. Күн сайын қаладағы қымбат мейрамханалардан шыққан ас қалдықтары – панажайдағы иттердің талғажауына айналып отыр.
Түсінікті болу үшін айта кетейік, бұралқы иттерді аулау мамыр айында басталған. Сол кездегі «Инмаркет» ЖШС – қазіргі «Городская служба отлова» ЖШС деп өзгерді. Мамыр-тамыз айларында 285 салпаңқұлақ ауланды.
Фото ашық деркеккөздерден алынды