Атырауда браконьерлер 313 келі бекірені қамыс арасына жасырған

Атырауда Жайық өзені жағасынан 313 келіден астам бекіре табылды. Браконьерлер 14 қапқа салынған балықты қамыс арасына жасырған.

Балық шаруашылығы комитеті баспасөз қызметінің ақпаратына қарағанда, заңсыз ауланған балық 2 сәуірде сағат 00:50-де табылған. 

«Жайық-Каспий облысаралық бассейндік балық шаруашылығы инспекциясының қызметкерлері Атырау облыстық полиция департаменті және Атырау облысының мамандандырылған табиғат қорғау прокуратурасымен бірлескен рейд өткізді. Рейд кезінде Жайық өзенінің жағалауына орнадасқан Дамбы ауылы маңындағы 2 өзек тексерілді. Су айдынының жағасындағы қамыс арасынан 14 қапқа салынған жалпы салмағы 313,3 келі бекіре тұқымдас балық табылды», - деп хабарлады комитеттің баспасөз қызметі.

Ал, сағат 06:00-де бекіре табылған тұстан шамамен 400 метр қашықтықта өзен жағасына бекітілген аспалы моторы бар 8 жүзу құралы табылған. Оның ішінде 3 «Ямаха-200», «Ямаха-225» және 4 «Байда» типті қайығы бар. иесіз жүзу құралдары тәркіленді.

«Заңсыз ауланған бекіреге байланысты дерек ҚР Қылмыстық кодексінің 339-бабының 1-бөлігімен сотқа дейінгі тергеп-тексерудің бірыңғай тізіміне тіркелді. Балық қорына келтірілген залал алдын ала есеп бойынша – 173 505 540 теңге», - деп мәлім етті комитеттің баспасөз қызметінен.

Еске сала кетелік, бұдан бұрын еліміздің батысында кең ауқымды балық қорғау акциясы басталғанын жазған едік.

Дереккөз: kaz.inform.kz