Атырау облысының әкімі Серік Шәпкенов экологиялық жағдайды жақсарту үшін ботаникалық бақ салуды ұсынған болатын, деп хабарлайды AtyrauPress тілшісі.
Облыс әкімі өңірдегі экологиялық жағдайды жақсарту үшін салынатын ботаникалық бақ ғылыми-қолданбалы ұйым болуы керектігін айтқан еді. Бүгінде бұл тапсырма орындалып жатқанын білдік. Нақтырақ айтқанда, жер телімі белгіленіп, жуырда зерттеу жұмыстары басталмақ. Ботаника және фитоинтродукция институты дайындаған жоба бойынша ботаникалық бақ экспозициялық, қоғамдық, ғылыми және өндірістік-шаруашылық зоналарға бөлінеді.
– Экология мәселесі – біз үшін өте маңызды. Ол үшін біріккен топ құрып, айналысуымыз керек. Осыған орай ботаникалық бақ құруды ұсынамын. Ботаникалық бақ аймақтағы экологиялық жағдайды жақсарту үшін ғылыми-қолданбалы ұйым болуы қажет. Ғылыми түрде жасыл желек егумен неге айналыспасқа? Онымен айналысу үшін Экология департаментінің лабораториялық жарақтандыру жағын жақсарту керек. Заманауи жабдықтар керек болса, жергілікті бюджеттен қаржы бөліп, алып беруге дайынбыз, - деген болатын С.Шәпкенов.