Атырауда борышкер әкелердің басы бәлеге қалды

Борышкер әкелерге қамаққа алу жазасы қолданылды, деп хабарлайды AtyrauPress тілшісі.

Атырау облысының Қызылқоға аудандық сотында Қазақстан Республикасы ӘҚБтК-нің 669-бабының 1-бөлігімен 2 азаматқа қатысты 2 әкімшілік құқық бұзушылық туралы істер қаралды. Сотта анықталғандай, құқық бұзушылар кәмелетке толмаған балаларын асырап-бағу үшін айлық табысының және өзге де кірісінің тиісті мөлшерінде алимент өндіру туралы сот бұйрығын орындамаған.

Сот отырысында құқық бұзушылар өз кінәларын мойындап, жұмысқа орналасуға және балаларын асырап-бағу үшін алимент төлеуге уәде берді.

ӘҚБтК-нің 669-бабының 1-бөлігінің санкциясында 5 айлық есептiк көрсеткiш мөлшерiнде айыппұл салу не 5 тәулікке дейінгі мерзімге әкімшілік қамаққа алу түріндегі жаза көзделген. Сот қаулыларымен құқық бұзушылар ӘҚБтК-нің 669-бабының 1-бөлігімен кінәлі деп танылып, олардың әрқайсысына 3 тәулік мерзімге әкімшілік қамаққа алу жазасы қолданылды.

Сот қаулылары заңды күшіне енді.

Амандық САҒЫНТАЙҰЛЫ