Atyrau Creative Hub шығармашылық кеңістігінде жазушы Ақберген Елгезектің автобиографиялық моноспектаклі — «Болмаған балалық шақ» көрерменге алғаш рет ұсынылынды.
«Болмаған балалық шақ» — қазіргі қазақ әдебиетіндегі шынайы, жан толқытар драмалардың бірі. Жазушы өз тағдыры арқылы мыңдаған баланың балалықсыз өткен өмірін суреттейді. Бұл тек балалық туралы ғана емес — бұл қоғам, махаббат, сағыныш, аман қалу және ар-намысты сақтау жайлы туынды.
Басты кейіпкер — жалғыз. Бірақ оның жан дүниесінде мыңдаған естелік, мың сұрақ, мың үнсіздік бар. Ол — ерте есейген бала. Оның балалық шағы қуаныш емес, жоқшылық, жетімдіктің мұңы және өмірдің қатал сабағымен өрілген. Соған қарамастан, ол адамдық қасиетін жоғалтпаған, тірі, сезінетін, аңсайтын, күресетін жан болып қала берген.
Бұл қойылымда оқиға баяндалмайды — қайта бастан өткеріледі. Әр сөз — жанның сыбыры. Әр үнсіздік — бүтін бір ұрпақтың ішкі күйі. Автор: Ақберген Елгезек — заманауи қазақ әдебиетінің көрнекті өкілі, өмір шындығына негізделген терең туындыларымен танымал жазушы.
Режиссері: Ғиният Сағидолла. Басты рөлде: Ерсұлтан Аманұлы
Atyrau Creative Hub — Атырау қаласындағы жаңа шығармашылық бастамаларға арналған кеңістік. Бұл хаб — өңірдегі креативті индустрия мен мәдени жобаларды қолдап, өнер саласындағы жаңа идеялардың дамуына мүмкіндік береді. Хабтың басты мақсаты — шығармашыл жастар мен кәсіби мамандар үшін ашық, еркін әрі шабыттандыратын орта қалыптастыру.
«Болмаған балалық шақ» — Atyrau Creative Hub базасында жүзеге асып жатқан тәуелсіз театр бағытының алғашқы қадамдарының бірі. Бұл — заманауи, деректі, әлеуметтік тақырыптарды қозғайтын, терең эмоционалды театр тілімен сөйлейтін жаңа сахналық қозғалыстың бастауы.
