Атырауда "Болашақ SDG" клубының алғашқы отырысы өтті

Жиында табиғатты қорғау мәселесі көтеріліп, сонымен қатар заман талабына сай жойылып жатқан мамандықтар туралы да сөз болды.

Клубтың алғашқы отырысында Халел Досмұхамедов атындағы Атырау университетінің ректоры Салауат Идрисов сөз алып, табиғат ресурстарын тиімді пайдалану бағытындағы ойымен бөлісті. 

"Табиғатты дұрыс пайдаланбаудың салдарынан Атыраудың өзінде қаншама мәселе туындауда. Мысалы, Жайық өзені жыл өткен сайын тартылып барады. Мамандар дабыл қағып, оны шешудің жолдарын қарастырып жатыр. Атырау мұнай өңдеу зауытынан шыққан зиянды қалдықтар ауаны ластап, адам денсаулығына кері әсерін тигізуде. Ғалымдар осындай мәселелерді шешудің жолдарын қарастырғандары жөн", - дейді спикер Идрисов.

Жиында "Bolashak Petroleum Club" клубының төрағасы Жәнібек Катренов те сөз сөйледі. Ол геологиялық барлау мәселелеріне назар аударуға шақырды.

"Шикізат қорынан хабардар болумыз үшін жаңа технологияларды енгізіп, ғылымды дамытып және бәсекеге қабілетті мамандар дайындауға назар аударғанымыз жөн. Әсіресе, студенттерге ғылыммен айналысуға мүмкіндік беруіміз керек. Мұнай - кен орындарында қанша шикізат қоры барын дұрыс анықтап, есептеуге міндеттіміз. Өйткені, кейбір кен орындарында есеп өз деңгейінде  жүргізілмейді", - деді Жәнібек Катренов. 

 

Атап өтерлігі, клубта талқыға салынған нақты ұсыныстар еліміздің Энергетика министрлігіне жолданады.

"Болашақ SDG" клубы Қазақстандағы ғана емес, әлемде орын алып жатқан өзекті мәселелерді де көтеретін болады. "Болашақ" бағдарламасының түлегі, "Ғылым қоры" АҚ басқарма төрағасы Арын Орсариевтің айтуынша, еңбек нарығының әрдайым өзгеріске ұшырап отыруы заңдылық. 

"Дубайда кейбір қызмет түрлері адамдардың қатысуынсыз-ақ жүзеге асады. Айталық, жүргізушісіз такси Дубай сынды дамыған ел үшін қалыпты жағдай. Ғалымдардың пайымдауынша, алдағы уақытта кейбір мамандықтардың 45 пайызы жойылады. Сондықтан да біз кез келген жағдайға әзір болуымыз керек. Мәселен, Нұр-Сұлтан қаласында Astana Hub жанынан ашылған "Alem"  мектебі бар. Онда балалар мұғалімсіз-ақ білім алуда. Яғни, олар өздері ізденеді. Оқушы өз білімімен белгілі бір жоғары деңгейге жетуі тиіс. Бұл болашақтың бағыты", деп атап өтті спикер.