Атырауда олимпиадалық резервке арналған мектеп-интернаттың құрылысы жүріп жатыр, деп хабарлайды AtyrauPress.
Бұл туралы өңір басшысы Серік Шәпкенов “Ривьера” спорт кешенінің аумағында салынып жатқан нысанның жұмысымен танысу барысында мәлім болды. Жоба Мемлекет басшысының өңірлерде олимпиадалық резервті даярлау жүйесін қалыптастыру жөніндегі тапсырмасы аясында жүзеге асырылуда.
Жаңа кешеннің жалпы аумағы 16 800 шаршы метрді құрайды. Мұнда кітапхана, асхана, 13 спорт залы, 25 метрлік бассейн және ашық спорт алаңдары қарастырылған. Жоспар бойынша, мекемеде 13 олимпиадалық спорт түрі бойынша 400 оқушы білім алады. Оның 300-і интернатта тұру мүмкіндігімен қамтамасыз етіледі.
Жобаның басты ерекшелігі — ол мемлекеттік-жекешелік әріптестік аясында іске асырылып жатыр. Бұл тәсіл инфрақұрылымды жедел әрі сапалы дамытуға мүмкіндік береді.
Айта кетейік — құрылыс жұмыстарын 2027 жылдың сәуір айында аяқтау жоспарланған. Жаңа нысан іске қосылғаннан кейін өңірде кәсіби спортшыларды даярлау жүйесі жаңа деңгейге көтеріледі деп күтілуде.
Серікбол ПАНАБЕРДИЕВ.