Атырауда блокбекеттер қойыла бастады

Атырауда 3 бақылау бекеттері жұмысын бастады, деп хабарлайды ATPress.kz.

Облыс аумағында 10 қыркүйек пен 31 қазан аралығында «Бекіре - 2022» жедел профилактикалық іс-шарасының күзгі кезеңі өз жұмысын бастады.

 Жоспарға сәйкес, облыс тас жолдарында тәулік бойына 3 бақылау-өткізу бекеттері жұмыс жасайды. Атап айтқанда, бақылау бекеттері Атырау-Астрахань, Атырау-Орал және Атырау-Дамба елді мекенінде қойылған.

  Бұдан бөлек, Жайық өзені мен Каспий теңізі аумағында 6 шағын көлемді су кемелері қызмет атқаруда. Мұндағы мақсат – броконьерлік іс-әрекеттің бекіре тұқымдас және басқа да балық түрлері өнімдерінің заңсыз айналымын анықтау және оның алдын алу.

  Еске сала кетейік, өңірде «Бекіре-2022» көктемгі іс-шарасы 1 сәуір мен 31 мамыр аралығында өткізілді. Рейд кезінде 247 құқық бұзушылық анықталды. Оның ішінде 225 заңсыз балық аулау және балық аулау ережелерін бұзу, 6 балық өнімдерін заңсыз сатып алу, 16 балық өнімдерін заңсыз тасымалдау және әкету дерегі тіркелді. 

  Заң бұзушылардан 1893 келі балық, оның ішінде 525 келі бекіре тұқымдас балық, 218 әртүрлі балық аулау және екі су көлік құралы тәркіленді. Сонымен қатар ішкі істер органымен 3 млн 540 мың 795 теңге көлемінде айыппұл салынды.