Атырауда «Біздің таланттар» конкурсы қорытындыланды

Атырауда ерекше оқушыларға арналған «Біздің таланттар» конкурсының облыстық кезеңі қорытындыланды деп хабарлайды ATPress.kz.

11 мамыр күні қашықтықтан өткізілген конкурсТА аудандық және қалалық білім бөлімдерінен барлығы                           67 оқушы бақ сынапты.     
    Қорытынды шараға облыс әкімінің орынбасары Нариман Таушев пен «Шеврон» Еуразиялық бөлімшесі басқарушы директорының міндетін атқарушы - Марк Пэйн бастаған лауазымды тұлғалар мен жүлдегер оқушылар қатысты.  
     «Бүгінгі балаларға арналған мерекелік шарада сіздермен жүздесіп отырғаныма қуаныштымын. Бала - ертеңгі ел үміті, тірегі мен тілегі, ұлттың жалғасы,  өмірдің мәні мен сәні. Ата-ананың да ең үлкен бақыты – баласының жақсы азамат болып өсуі болса, мемлекет пен қоғамның да басты мақсаты – елге ие болатын білімді де отаншыл ұрпақ тәрбиелеу.
Болашақтарың жарқын, аспандарың ашық болсын! Әрқашан жүздеріңізден күлкі, жүректеріңізден мейірім кетпесін!» - деді марапаттау сәтінде сөз алған облыс әкімінің орынбасары Нариман Таушев.  Сондай-ақ ол  жүлдеге ие болған оқушыларға дипломдар, сыйлыққа сертификат, планшет және сағат табыстады.
Шара соңында байқаудың «Алтын дауыс», «Үздік декламатор»,  «Кішкентай биші» және «Оркестр» номинациялары бойынша үздік деп танылған оқушылар өнерлерін көрсетті.  
Айта кетейік, биыл Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «Балалар жылын»  жариялады.
Осыған орай мүмкіндігі шектеулі балаларды әлеуметтендіру және шығармашылық  тұрғыдан дамыту мақсатында республикалық музыкалық-шығармашылық «Біздің таланттар»   конкурсы қолға алынған болатын.
Серікбол ПАНАБЕРДИЕВ