Биылғы жылу беру маусымында Атырау қаласы мен оның аумағындағы ауылдық округтерде 95 өрт оқиғасы тіркелді, онын 48-і тұрғын үйлерде орын алған, деп хабарлайды ATPress.kz. Бұл туралы Атырау қаласы төтенше жағдайлар басқармасының бастығы, азаматтық қорғау майоры Ғабит Бабаев баспасөз мәслихатында мәлімдеді. Оның айтуынша, өрт оқиғасы 2020 жылмен салыстырғанда 8% -ға өскен. Оқиғалар кезінде 5 адам жарақаттанып, 7 адам қаза болды. Өрттің басым бөлігі тұрғын үй секторында тіркелді, яғни 48 тұрғын үй тілсіз жаудың құрсауында қалды. Сондай-ақ 21 автокөлік жалын құшқан. Жанған көлік құралдарының 4-еуінде газ қондырғысы орнатылыпты. Оқу орталықтарында 4, сауда орталықтарында 5, орман шаруашылығында 3, қоймаларда 8, өндірістік ғимараттарда 6 өрт оқиғасы тіркелген. «Өрт шығуының ең негізгі себептері тұрғындардың ұқыпсыздығы, электр қондырғыларды монтаждау және пайдалану кезіндегі өрт қауіпсіздігі ережелерінің сақталмауы, балалардың отпен ойнауы, күл мен қоқыстардың тиісті орынға шығарылмауы, тұрмыстық газ құрылғыларын пайдалану кезінде қауіпсіздік ережелеріне мән бермеу салдарынан туындап отыр» дейді басқарма бастығы.