Қаланың оң жағалауындағы №5 су сүзгі стансасының құрылысы 80 пайызға аяқталды. Биыл пайдалануға беріледі деп күтілуде. Бұл туралы қалалық құрылыс бөлімінің басшысы Нұрболат Бөлеков айтты, - деп хабарлайды Өңірлік коммуникациялар қызметі.
Құрылыс нәтижесінде сүзгі стансасы күніне 50 мың текше метр су тазалайды.
- Жаңартылған стансада су сору жұмыстары кезең-кезеңімен іске асатын болады. Ол үшін 1-ші және 2-ші су көтергіш қондырғылар орнатылды. Бұрын Жайық өзеніне қойылған қарапайым тұрбаны қалқымалы су сорғы насосымен алмастырдық. Жаңа құрылғы өзен деңгейі төмендеп кеткен жағдайда құрлықта қалып кетпейді. Сонымен қатар, жаңартылған стансада электролиздік цех пен тұнба қондырғысы жұмыс істейді, - деді Н.Бөлеков.
Сондай-ақ, стансада сыйымдылығы 10 мың текше болатын 3 су қоймасы салынған. Мұнда жиналған ауыз су арнайы электрлік құрылғылар арқылы тазаланады.
Н.Бөлековтың айтуынша, қазіргі уақытта №6 сүзгі стансасының жобалау-сметалық құжаты мемлекеттік сараптамаға жолданған. Жобаға сәйкес, стансада күніне 60 мың текше метр су тазаланады деген жоспар бар.