Атырауда бір жылда 200 шақырымға жуық электр желісі жаңартылды

2025 жылы Атырау облысында электр желілерін жаңғыртуға бағытталған ауқымды жұмыстар атқарылды, деп хабарлайды AtyrauPress.

Бұл туралы облыс әкімінің орынбасары Қайрат Нұртаев «Caspian News» телеарнасына берген сұхбатында мәлімдеді. Оның айтуынша, өңірде 6,5 млрд теңгеге 192 шақырым электр желісі ауыстырылып, жаңартылған. Аталған жұмыстардың негізгі қажеттілігі – тозығы жеткен инфрақұрылымды кезең-кезеңімен жаңарту және елді мекендерді тұрақты электр қуатымен қамтамасыз ету. Бұған дейін кейбір аймақтарда электр желілерінің ескіруі жиі ақауларға және жарықтың өшуіне себеп болған.
Жаңғырту жұмыстары Атырау қаласында, сондай-ақ Ақкөл, Томан, Индербор, Лазо, Көктоғай, Шоқпартоғай елді мекендерінде толық аяқталған. Атырау қаласының Нұрсая ықшамауданында ұзындығы 66 шақырым болатын кабель желілері полиэтилен оқшаулағышы бар жаңа кабельдерге ауыстырылды. Сонымен қатар теміржол желісіне жақын орналасқан 13 елді мекенде тозығы жеткен 250 шақырым электр желісі жаңартылды.

Бұрын бұл аумақтарда электрмен қамту тұрақсыз болып, желілердің тозуы қауіпсіздікке де әсер еткен. Қазір жаңа желілердің іске қосылуы электр қуатының сапасын арттыруға мүмкіндік беріп отыр.

Сонымен қатар Атырау қаласының оң жағалауын тұрақты электрмен қамтамасыз ету үшін қуаттылығы 32 МВт болатын «Нұрсая–Самал» қосалқы стансасының құрылысы аяқталды. Бұл нысан болашақта жүктеменің артуын ескере отырып салынған.

Айта кетейік, өткен жылы облыста су және кәріз жүйесін жаңғырту бағытында да жұмыстар жүргізілді. Атырау қаласында жоспарланған 45 кәріз сорғы станциясының 9-ы толық жаңартылды. Бұдан бөлек, 22 нысан бойынша сараптама қорытындысы алынып, олардың жетеуіне жергілікті бюджеттен 4,9 млрд теңге бөлініп, жаңғырту жұмыстары басталуда.