Махамбет ауданындағы орта мектеп оқушы партасын үш есе қымбат бағаға сатып алуды жоспарлаған, деп хабарлайды AtyrauPress тілшісі.
Атырауда жемқорлыққа қарсы еріктілер бюджет қаражатының тиімсіз жұмсалуына жол бермеді. Бұл туралы Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің (Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет) Атырау облысы бойынша департаменті мәлім етті. Махамбет ауданының білім бөлімінің «Жалғансай орта мектебі» жалпы сомасы 10,9 млн теңгеге 90 дана көлемінде 121 428 теңгеге оқушылар партасын сатып алуды жоспарлады. Бұл тауардың орташа бағасы 30-40 мың теңгені құрайды.
Еріктілердің ұсынымдарынан кейін тапсырыс беруші 1 партаның бағасын 2,5 есеге (44642 теңге) төмендетіп, сатып алынатын парталардың санын 208 данаға дейін арттырып, 9,2 млн теңге сомаға сатып алуды жариялады.
Естеріңізге сала кетейік, "Сыбайлас жемқорлыққа қарсы волонтерлік" жобасы аясында жүйелі негізде сатып алу бағасын көтеру тұрғысынан мемлекеттік сатып алу мониторингі жүргізілуде. Тек 2024 жылдың 1 тоқсанында 53,9 млн теңгеден астам бюджет қаражатын тиімсіз пайдалануға жол берілмеді.
Амандық САҒЫНТАЙҰЛЫ