Атыраулық өрт сөндірушілер екі сағатта 3 өртті сөндірді, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
Атырау облыстық төтенше жағдайлар департаментінің қоғаммен байланыс тобынан мәлім еткендей, бүгін, 11 қаңтарда 2 сағаттың ішінде 3 өрт оқиғасы туралы шақырту түскен.
Өрт туралы алғашқы дерек жергілікті уақытпен 10:37-де тіркелген. Атырау қаласының Ш.Еркінов көшесінде орналасқан мейрамханалардың бірінің ауласындағы дүңгіршектен түтін шыққан. Мұнда жалпы ауданы 60 шаршы метр болатын нан пісіретін дүңгіршек өртенген. Жалын сағат 11:17-де толық сөндірілген.
Екінші өрт сағат 10:59-да хабарланған. Шаһардың Құрманғазы көшесіндегі автокөлік жуу орталығы жанған. Өрттің салдарынан көлік жуу орталығы ғимаратының бір бөлігі мен 1 автокөлік өртеніп кеткен. Орталқытағы өрт 11:49 сағатта жойылған.
Ал, сағат 11:56-да Жұлдыз шағын ауданындағы тұрғын үйдің бірі өртенген. Тұрғын үйдің жылыту қазандығы орналасқан бөлмесінен шыққан дүмпудің салдарынан жалын тұтанған. Жалын тұрғын үйдің төбе жабындысын шарпыған. Өрт кезінде үй тұрғындары –5 ересек, 2 бала өз күшімен қауіпсіз жерге шыққан. Тұрғын үйдегі өрт сағат 13:07-де толық ауыздықталған.
«Өрт салдарынан зардап шеккендер мен қаза болғандар жоқ. Қазір өрттің шығу себептері анықталып жатыр. Үш жерде тіркелген жалынды сөндіруге Атырау облыстық төтенше жағдайлар департаментінен 38 қызметкер мен 10 техника жұмылдырылды», -деп хабарлады департаменттің қоғаммен байланыс тобынан.
Фото: ашық дереккөз