Атырауда BINOM мектептерінің құрылысы тоқтап тұр (+ВИДЕО)

Атырау қаласының «Нұрсая» және «Сарыарқа» шағынаудандарында салына бастаған BINOM қос мектебінің құрылысы тоқтап тұр, деп хабарлайды ATPress.kz.

Облыс орталығында салынып жатқан BINOM мектептерінің құрылысы былтырғы жылдың IV тоқсанында басталған екен. Алайда бүгінгі таңда қос мектептің құрылысы тоқтап тұр. Біз мән-жайды білу үшін құрылыс басына арнайы бардық.
Білім ұясының бірі «Сарыарқа» шағынауданында орын тепкен. Онда барғанымызда қарқынды құрылыстың нышаны да жоқ. Мүлгіген тыныштық. Нысанның айналасы қоршалған. Қақпаны қағып жүріп, күзетшімен сөйлесуге мүмкіндік алдық. Оның айтуынша, құрылыстың тоқтағанына 2-3 ай болған екен.  


Екінші мектеп «Нұрсая» шағынауданында орналасқан. Онда да құрылыс тоқтап тұр. Іште жүрген бірен-саран жұмысшылар біздің ешқандай сұрағымызға жауап бермеді.  Тек сыртынан ғана фото мен видеоға түсіріп алдық.


Осы мәселе бойынша құрылыс басқармасына хабарласқанымызда, «BINOM мектебіне басқарманың қатысы жоқ, онымен тікелей білім басқармасы айналысып жатыр» деген жауап алдық. Алайда Атырау облыстық білім басқармасына хабарласқанымызда да нақты мәлімет ала алмадық. Баспасөз хатшысы «Бұл мәселе басшының назарында, ақпарат беріледі» деді. Бірақ әлі күнге дейін жауап жоқ.


Мұнан соң жоба жетекшісі Нұрбол Шалкеновке қоңырау шалдық.
- BINOM мектептерінің құрылысы қаржыландыруға байланысты тоқтап тұр. Қазір бұл мәселені шешіп жатырмыз. Санаулы күндерде ақша бөлінеді, - деп қысқа қайырды Н.Шалкенов.
Айта кетейік, жоба жетекшісі Нұрбол Мақсатұлы алдағы уақытта толыққанды ақпарат беруден бас тартқан жоқ.
BINOM мектептерінің «Сарыарқа» және «Нұрсая» шағынаудандарындағы құрылысы былтырғы жылдың IV тоқсанында басталғанын айттық. Ал 2022 жылдың IV тоқсанында екі мектептің де құрылысы аяқталуы тиіс екен. Демек, бұл білім ұялары жыл соңына дейін, яғни қазан, қараша және желтоқсан айларында пайдалануға берілуі тиіс еді.


Құрылыс алаңындағы нысан төлқұжаттарына сенер болсақ, Атыраудағы екі BINOM мектебінің әрқайсы 2000 оқушыдан қабылдайтын қауқары бар екен. Құрылыстың мемлекеттік серіктесі  Атырау облысының білім беру басқармасы, жеке серіктесі «BINOM Atyrau» ЖШС. Ал бас мердігер «BiGlobal» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі болса, бас жобалаушы «Данайхан Стройтех» ЖШС.


Айта кеткен жөн, BINOM мектептері балаларды тегін оқытады. Оқушыларды білім ордасына қабылдау  ҚР білім беру ұйымдарына оқуға қабылдаудың үлгілік ережелері негізінде жүзеге асырылады.