Атырау облыстық сотында «Атырау облысының Билер кеңесі» қоғамдық бірлестігінің 5 жылдық жұмысын қорытындылау бойынша жиналыс өтті, деп хабарлайды Атырау облыстық сотының баспасөз қызметі.
Іс-шараға Атырау облыстық сотының төрағасы Мұхтар Парменов, сот алқасының төрағалары, Билер кеңесінің мүшелері, облыстық соттың судьялары мен қалалық соттардың төрағалары, Сот әкімшілігі Атырау облысы бойынша департаменті басшылығы қатысты. Аудандық сот төрағалары онлайн-режимде қатысты.
Билер кеңесінің төрағасы Ғаббас Хисметуллин Кеңестің дауласушылық деңгейін төмендету бойынша 5 жылда атқарылған жұмыстарға тоқталды.
Ол Атырау облысының Билер кеңесі 2018 жылдың желтоқсанында облыстық сот пен Ардагерлер кеңесінің бастамасымен құрылғанын атап өтті. Кеңес құрамына қоғам қайраткерлері мен зиялы қауым өкілдері кірді.
Атырау облысының Билер кеңесі қоғамдық бірлестігінің құрамында 60 азамат тіркелген, оның 13 мүшесі қала аумағында, қалған 47-і аудандарда қызмет етеді.
«Кеңестің негізгі мақсаты қазақ билерінің бай тәжірибесін қолдану арқылы дауларды реттеу болып табылады. 5 жыл ішінде облыс билері 514 дауды қарады. Оның ішінде тараптардың татуласуымен 437 дау шешілді. Даулардың көпшілігі отбасылық-тұрмыстық және еңбек қатынастарына қатысты болған», - деп толықтырды Ғ.Хисметуллин.
Билер кеңесінің жұмысын халық арасында насихаттау мақсатында бұқаралық ақпарат құралдарында материалдар жарияланып, Кеңес қызметі туралы бейнеролик дайындалды. Брифингтер, семинарлар, халықпен, еңбек ұжымдарымен және студенттермен кездесулер өткізіліп, бірқатар Меморандумдарға қол қойылды. Кеңестің барлық мүшелері медиаторлар курсынан өтіп, тиісті сертификаттар алды. Кеңестің 7 мүшесі кәсіби медиаторлар болып табылады.
Кездесу барысында Ғ.Хисматуллиннің егде жасы ескеріле отырып, Атырау облысы Билер кеңесінің жаңа төрағасы болып Ахмырза Батырхайыров сайланды. Төрағаның орынбасары болып Кенган Айдарбаев, хатшысы ретінде София Әлібаева сайланды.
Жиналыс барысында бірауыздан Билер кеңесінің 24 жаңа мүшесі сайланды.
Атырау облыстық сотының төрағасы М.Парменов Билер кеңесінің татуластырушы билердің тарихи тәжірибесін жандандыру бойынша белсенді жұмысын атап өтіп, оларға қоғамдағы тұрақтылықты сақтап, өңірдегі қақтығыстарды реттеуге жәрдемдескені үшін өз алғысын білдірді.
Ол алға қойылған мақсаттарға қол жеткізілетініне сенім білдіріп, Кеңестің қызметіне қолдау көрсетуге дайын екендігін атап өтті.
Іс-шара соңында М.Парменов Кеңестің бұрынғы мүшелерін алғыс хаттармен марапаттап, кеңес мүшелеріне нәтижелі еңбек тіледі.