Атырауда бесінші қабаттың балконына шығып алған мас адам құтқарылды (видео)
Атыраулық полицейлер тұрғын үйдің бесінші қабатының астындағы тіреуішке шығып, жұртың мазасын алған мас адамды құтқарып қалды, деп хабарлайды AtyrauPress облыстық полиция департаментінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Оқиға «Береке» шағынауданында болған.
«15 қазан күні сағат 04:55 шамасында 102-операторына «Береке» шағынауданында орналасқан пәтердің тұрғыны, көршісі мас күйде тыныштықты бұзғаны туралы хабарлама берген. Оқиға орнына жедел жеткен патрульдік полицейлер бесінші қабатқа шығып, жартылай жалаңаш тұрған 1988 жылы туған тұрғынды қолынан ұстап жоғарыға көтеріп, құтқарып қалды. Өз әрекетін 35 жастағы азамат алкогольдік мас күйде болған себепті жасап, өкінетіндігін жеткізген. Сараптама қорытындысы бойынша мас күйде екендігі анықталып, оған қатысты ҚР ӘҚБтК-нің 437- бабымен, яғни түнгі тыныштықты бұзу дерегі бойынша хаттамасы толтырылды», - деп жазылған хабарламада.
Айта кетейік, Атырау облысы аумағында 16-20 қазан күндері аралығында қоғам тыныштығын қамтамасыз ету мақсатында “Құқықтық тәртіп” республикалық жедел-профилактикалық іс-шарасы өткізіліп жатыр.
«Егер сіз қоғамдық орындарда қылмыс немесе құқық бұзушылық жасау фактілері бойынша куәгер болсаңыз немесе олар бойынша қандай да бір ақпаратты немесе маңызды мәліметтерді білсеңіз 102 нөміріне қоңырау шалуыңызды сұраймыз», - деп хабарлады баспасөз қызметіндегілер.
Эльмира МЫҚТЫБАЕВА