Атырау облысында прокуратура органдарының үйлестіруімен Қаржы мониторингі агенттігі ауқымды тергеу іс-шараларын жүргізуде, деп хабарлайды AtyrauPress тілшісі.
Агенттіктің ресми өкілі Ернар Тайжанның мәліметінше, Атырауда бес қылмыстық топтың қызметі әшкереленді. Олар жалған құжаттар арқылы «Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорынан» заңсыз қаражат алуға ықпал еткен.
Ұйымдастырушылар Атырау, Астана, Алматы, Шымкент, Ақтау және басқа өңірлерде тіркелгендей етіп 30-дан астам стоматологиялық клиниканы пайдаланған. Алайда, бұл медициналық ұйымдар тек құжат жүзінде болған: олардың ғимараты да, жабдығы да, қызметкері де жоқ, ал кейбір құрылтайшылардың медициналық білімі болмаған. Фиктивті медициналық құжат рәсімдегені үшін күдіктілер алынған қаражаттың 10–20%-ын сыйақы ретінде алып отырған. Ақшаны қолма-қолға айналдыру үшін 226 «дроппер» пайдаланылған.
Жалпы шығарылған қаражат көлемі 200 млрд теңгеден асқан. ЕНПФ салымшыларының ақшасына күдіктілер жалпы құны 600 млн теңгеден асатын 15 элиталық автокөлік (Mercedes-Benz G-class, GLE, BMW X7, Porsche Taycan, Cadillac Escalade), сондай-ақ зергерлік бұйымдар, коммерциялық жылжымайтын мүлік, пәтерлер мен жер телімдерін сатып алған. Қылмыстық жолмен табылған мүлікті іздеу жалғасуда. Тергеу барысында 59 тінту жүргізілді, 10 адамға қатысты бұлтартпау шарасы қолданылып жатыр.
Агенттік заңсыз жүйелердің ұйымдастырушылары ғана қылмыстық жауапкершілікке тартылатынын атап өтті. Зейнетақы жинағын алған азаматтар қылмыстық қудалауға жатпайды. Сондай-ақ ведомство ұсталғандардың құқықтары бұзылды деген ақпаратты жоққа шығарды. Барлық тергеу әрекеттері заңға сәйкес жүргізілуде, күдіктілер адвокаттық қорғаумен қамтамасыз етілген.
Агенттік БАҚ-ты тек ресми әрі тексерілген деректерге сүйенуге, жалған ақпарат таратпауға шақырды.
Қ.Төлеп