Атырауда бес адам газдан уланды

Балалар ауруханасына төрт бала жеткізілді, деп хабарлайды AtyrauPress тілшісі.

Облыстық ТЖД Қоғаммен байланыс тобының мамандарнан сұрастырып білгеніміздей, 9 қаңтар күні сағат 7:30-да Атырау қаласы, Водников-2 ауылы, 5-көшеде тұрғын үйлердің бірінде тұрғындардың табиғи газға улануы бойынша жедел-жәрдем қызметінен хабарлама түскен. ТЖД қызметкерлері оқиға орнына жеткен кезде,  бес адамның, атап айтқанда, 1980 жылы туған үй иесімен балаларының (2013, 2014, 2016, 2019) ас бөлмесінде орналасқан газ плитасынан газ кету салдарынан уланып, жедел-жәрдем қызметімен  облыстық балалар ауруханасына жеткізілгендігін анықтады.

"Балалар ауруханасына төрт бала түсті. Денсаулықтарында кінәрат анықталмады. Үйлеріне жіберілді. Қазір учаскелік дәрігерлердің бақылауында" дейді облыстық денсаулық сақтау басқармасының өкілі Айша Кенжемұратова.

Абырой болғанда, зардап шеккендер жоқ, бәрі дін-аман.

"Құрметті Атырау облысы тұрғындары мен қонақтары! Тұрғын үйлердегі өрт қауіпсіздігі ережелерін қатаң сақтаңыздар! Тұрмыстық заттарды, электр құрылғыларын қосулы түрде қалдырмаңыздар!" дейді төтеншелік мамандар.

Фото: ашық дереккөз