Тәуелсіздік мерекесіне байланысты Алмалы селолық округіне қарасты Береке ауылдық мәдениет үйінде «Тәуелсіздік – аманаты бабамның» тақырыбындағы мәдени шара ұйымдастырылды.
Салт-дәстүрлер мен әдет-ғұрыпты сақтау мақсатында ауылда құрылған «Жайдарман» әжелер ансамблі осы мерекелік шарада алғаш рет өнер көрсетті. Шараны ауыл әкімі Аухадиева Гүлшат құттықтау сөз сөйлеп ашты.
«Халықтық өнерді дамытуда, топтық ән ұжымдардың жұмысын жетілдіруде әжелер ансамблінің алар орны ерекше. Ұлтымыздың ұлы құндылықтарын дәріптеп, халық әндерін, жаңғырту, насихаттау ісінде тәлімділік тәрбиелік маңызы зор. Жаңадан құрылып, тұсауын кескелі отырған осынау ұжымның ғұмыры ұзақ болып,әжелеріміздің шығармашылық әлеуетінің артуына шынайы тілектестігімді білдіремін. Сізге аға буынның өнерін насихаттау арқылы халық өнерін дамытуда деніңізге саулық, ән әлемінде шалқар шабыт, шығармашылық табыстар тілеймін. Басты құндылығымыз Тәуелсіздігіміздің тұғыры биік, ертеңі жарқын болып, еліміз өркендей берсін. Мереке құтты болсын!» деген тілегін айтқан ауыл әкімі «Жайдарман» әжелер ансамблінің өнеріне сәттілік тіледі.
Ансамбльдің жетекшісі - Қазақстан Республикасы Білім және Мәдениет саласының үздігі, Халықаралық фестивальдердің үш дүркін дипломанты, жыршы жыраулар сайысының бірнеше дүркін жүлдегері, Мұрат Мөңкеұлы атындағы сыйлықтың иегері, Н.Жантөрин атындағы облыстық филармонияның жыршы, термешісі Тұрлан жырау Бисенбаев. Ансамбьлдің жасы үлкен әже Зинуллина Қарашаш - 70 жаста. Кеңес дәуірінде Алмалы ауылындағы клубта және кітапханада меңгеруші болып жұмыс істеген. Одан бөлек денсаулық сақтау саласының ардагері Мұқанова Ұлмекен, Білім саласының ардагері, «Happy choice school» бағдарламалау және ағылшын тілін тереңдетіп оқытатын мектептің ұстазы Ахметова Нұрзия, музей ардагері, «ҚР Мәдениет саласының үздігі» Нұрпейісова Светлана, Қызылқоға ауданы, Тасшағыл ауылындағы бұрынғы үгіт бригадасының әншісі, батыр ана Шаденова Балсая, мәдениет үйінің қызметкері Ильясова Гүлайым және ең жас әже сауда қызметкері Базарбаева Айжан - ансамбльдің белді мүшелері.
Әжелер ансамблінің мүшелері «Жайдарман», «Су самыр елдің жайлауы» және «Сәулем-ай» әндерін шырқады.
Сондай-ақ, қайын ата мен қайын ененің көңілдерін тауып, жолдасымен тату-тәтті өмір сүріп, ардақты ана болып жүрген ауыл келіндері «Анашым» келіншектер ансамблін құрып, өз өнерлерін көрсетті. Шара соңында Береке мәдениет үйінің әкімшілігі әжелерге алғыс хат пен гүл шоқтарын табыс етті.