Атырауда белгісіз біреу жеке сот орындаушыларының өңірлік палатасы басшысының фотосын WhatsApp профилінде рұқсатсыз қолданып, өзін жеке сот орындаушысы Абылай Әшірбеков деп таныстырған. Бұл туралы AtyrauPress облыстық жеке сот орындаушыларының өңірлік палатасына сілтеме жасап хабарлайды.
Ол адамдарға хабарласып, микроқаржы ұйымдары мен екінші деңгейлі банктер алдындағы қарызын өтемесе, мәжбүрлеу шараларын қолданамыз деп қорқытып отырған. Осы факті бойынша сот орындаушыларының өңірлік палатасы құзырлы органдарға хат жолдады.
«Құрметті азаматтар! Жеке сот орындаушыларының өңірлік палаталарының басшылары мен қызметкерлері ақша аударуды талап етпейді және телефон қоңыраулары мен SMS арқылы жеке мәліметтерді сұрамайды. Сізге бейтаныс тұлғалардан қоңыраулар түскен жағдайда aisoip.adilet.gov.kz базасының дерекқорында сізге қатысты атқару парағының бар-жоғы туралы ақпаратты тексеруіңізді сұраймыз. Сіз барлық белсенді жеке сот орындаушыларының тізімін және АХАЖ палаталарының байланыстарын zhso.kz сайтынан тексере аласыз», - деп хабарлады жеке сот орындаушыларының өңірлік палатасындағылар.
Эльмира МЫҚТЫБАЕВА