Құрманғазы ауданының Құрметті азаматы, белгілі экономист, мемлекеттік қызмет саласының ардагері Рахимов Сағынжан Рахымұлы дүниеден озды, деп хабарлайды AtyrauPress тілшісі.
Құрманғазы ауданының әкімі аппараты ауданның Құрметті азаматы, белгілі экономист, мемлекеттік қызмет саласының ардагері Рахимов Сағынжан Рахымұлының дүниеден озуына орай, ұрпақтарына, жан жарына, ағайын-туыстарына қайғыларына ортақтасып, көңіл айтты.
Сағынжан Рахымұлы 1949 жылы 1 наурызда Атырау облысы Құрманғазы ауданы, Ботақан селолық кеңесінде дүниеге келген. 1966 жылы Крупская атындағы мектепті бітіріп, сол жылы Батыс Қазақстан ауыл шаруашылығы институтының экономика факультетіне оқуға түсіп, оны бухгалтерлік есеп жөніндегі экономист мамандығы бойынша 1970 жылдың желтоқсан айында аяқтады. 1971-1972 жылдары Құрманғазы ауданының Құрманғазы кеңшарында есепші, 1972-1978 жылдары Теңіз кеңшарында бас есепші, 1978-1986 жылдары Құрманғазы аудандық ауыл шаруашылығы басқармасында бас есепші, кейін осы басқарма басшысының орынбасары қызметтерінде болған. Ұзақ жылдар мемлекеттік қызмет саласында абыройлы қызмет атқарып, аудан әкімінің орынбасары болған.
Амандық САҒЫНТАЙҰЛЫ