Атырауда белгілі ақын өмірден өтті...

Ақын, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері 75 жасқа қараған шағында дүние салды, деп хабарлайды AtyrauPress тілшісі.

"Атырау мәдениетінің ақтаңгері Қойшығұл аға жалғаннан өтті... Өмір деген осы екен... Бетімізден қақпадыңыз... Еркелігімізді көтердіңіз... Қамқор болдыңыз... Дүние шын жалған екен ғой... Алла алдыңыздан жарылғасын, аға!" деп жазды белгілі ақын, ҚР Жазушылар одағының мүшесі Әлия Дәулетбаева өзінің әлеуметтік желідегі парақшасында.

Қойшығұл Жылқышиев 1948 жылы 24 қазанда Атырау облысы Индер ауданы Жарсуат ауылдық кеңесіне қарасты Жаманқұдық жайлауында дүниеге келген. 1975 жылы ҚазМУ-дің журналистика факультетін бітірген. Қазақ КСР Мәдениет министрлігінде, Қазақ теледидарында қызмет істеді. «Өнерпаз» қоғамдық қайырымдылық қорының және Республикалық «Махамбет» қорының президенті болды. Өмірінің соңғы жылдарында Қазақстан жазушылар одағының Атырау облыстық филиалының директоры болып қызмет атқарды. «Тұңғыш», «Мүң-кітап», «Асаукер»  жыр кітаптарының авторы.

1996 жылы М. Өтемісұлы туралы публицистикалық мақалары үшін Қазақстан Журналистер одағының А. Байтұрсынов атындағы сыйлығын алды.Сондай-ақ Махамбет атындағы сыйлықтың лауреаты.

Ол жақында ғана өткен Қазақстан Жазушылар одағының кезекті құрылтайына қатысты да пікір білдірген еді.

"Бұл өте жақсы, мәдениетті, парасатты өткен құрылтай болды. Осыған дейінгі құрылтайлардың барлығы айғай-шусыз, дау-дамайсыз болмаушы еді. Басқарманы сайлау кезінде үлкен ауызбіршілік көрсетілді. Бір ғана кандидатура болды. Әр кезде әр кім өзі ұсынып, біреуді біреу көрсетіп жататын. Бұл арада ондай болған жоқ. Бір-ақ кандидатураға төрт адам сөйледі. Төртеуі де белгілі, білімді, беделді адамдар. Қалған 105 басқарма мүшесінің екеуі қарсы болды, үшеуі қалыс қалды, бес адам қатыспай қалды. Сонда бір ауыздан дауыс берді деуге болады. Мереке Құлкенов өте іскер, білімді, заман талабына сай ұйымдастыра білетін азамат. Мықты жазушы. Ең бастысы қаламгерлердің тілін тауып кеңесе білетін, мәселелерін шеше білетін қамқор жүрек азамат. Сондықтан да Мереке Құлкеновті ылайықты тұлға деп білемін" деген болатын ақын көзі тірісінде.

Осы орайда, "AtyrauPress" сайтының редакциясы мен "Атырау-Ақпарат" ЖШС мекемесінің ұжымы да марқұмның отбасына, туыстары мен жақындарына қайғырып көңіл айтады.

Амандық САҒЫНТАЙҰЛЫ